Атырау, 22 желтоқсан 07:56
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Ел құрамасына міндетті түрде ораламын»

4 054 просмотра


Дзюдодан Гран-При және Үлкен Шлем сериясы бойынша халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері Асхат ТЕЛЬМАНОВ (суретте) жеңіске жетуге кімнің көмектесетінін әңгімелеп берді.

Әкемнің шаңырағы Қызылқоға ауданының орталығы – Миялыда орналасқан. Анам - аспаз, әкем Теңіз кенішінде жұмыс істейді. Ата-анам төрт баласын еңбекқорлыққа және адал жолмен тапқан нанға құрмет көрсетуге тәрбиеледі. Сондықтан да шығар мен, содан кейін ағам Жәнібек дзюдодан Қазақстан чемпионы атандық.

Мен отбасының тұңғышымын, әкеміз Жаңбырбай спорт жанкүйері, барлық аудандық жарыстарда жанкүйерлік танытады. Бірінші сыныпта мені аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо секциясына жаттықтырушы Тұрар Әжіғалиевқа жаздырған еді. Екі жылдан кейін Германияда өткен жасөспірімдер турнирінде жеңіске жеттім. Сол кезде дзюдодан облыстың бас бапкері болған қазіргі жаттықтырушым Талап Мұқановтың көзіне түстім.

Мен Талап ағаның үйіне орналасып, оның екінші ұлы болдым. Бұл кезде ол Қазақстанның екі чемпионын: Еділ Берденов пен Айболат Қанашевті тәрбиелеп, басқа белгілі спортшыларға өмірлік жолдама берген еді.

Т. Мұқановтың тәлімгерлігімен жастар арасындағы Қазақстан және Азия чемпионы болдым. Ересектер арасындағы ел чемпионатында екі мәрте жеңіске жеттім, әлем чемпионатында жетінші болдым, Гран-при және Үлкен шлем сериясы турнирлерінде көптеген алқаға ие болдым.

Сол кезде неліктен 2016 жылғы Риодағы Олимпиадаға бармай қалдым? Бастапқыда олимпиадалық лицензия алу үшін рейтингілік ұпайды Елдос Сметовтен көп алдым. Бірақ, кейін Елдос 2015 жылы Астанада әлем чемпионатынан алтын алқа алып, рейтинг бойынша мені басып озды. Риоға барып, Олимпиаданың күміс алқасын алды.


2017 жылы, өкінішке орай, Париж бен Екатеринбургте Үлкен шлем турнирлерінде алқаға қол жеткізе алмай, ел құрамасының бапкерлері мені екінші құрамға ауыстырды.

Қазір «лицензиялық» 2019 жыл жақындап келеді. Қазақстан құрамасының жоғалған ұстанымын қайтару керек: бапкермен бірге өткен жекпе-жектердің бүкіл жазбаларын қарап шығып, қателіктерді түзетіп, жаңа әдістерді ойластыру керек. Дзюдоны «қозғалыстағы шахмат» деп бекерге атамаған ғой.

Ұлттық құрамаға ілігу үшін қарашада өтетін ел чемпионатында жеңіске жету керек. Ал ол үшін көп жаттығу қажет. Жаттығу кезінде әйелім мен баламды уайымдамас үшін облыстық дзюдо федерациясы Жаңа жыл қарсаңында маған Нұрсая ықшамауданынан жалға бір бөлмелі пәтер бөлінуін қамтамасыз етті. Ел үмітін ақтауға тырысамын.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Сурет А.Тельмановтың жеке мұрағатынан алынды

18 қаңтар 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.