Атырау, 28 наурыз 18:29
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

"Тұрғындар түгел шарт жасамаса, газ берілмейді"

3 751 просмотра


«АЖ» редакциясына Авангардтағы көпқабатты үйлердің тұрғындары хабарласты, олардың айтуынша, «Атыраугазинвест» ЖШС жұмысшылары пәтерлердегі газды толығымен ажыратып жүр екен. Бұл жағдай соңғы күндері әлеуметтік желіде де қызу талқыға түсуде.

Редакция поштасына келген хаттан үзінді: «9 қаңтарда «Атыраугазинвест» газ компаниясының жұмысшылары 3-ықшамаудандағы үйлердің аулаларында дауыс зорайтқышпен айқайлап, тұрғындардың сыртқа шығып, «Техникалық қызмет көрсету» туралы келісімшартқа қол қоюларын, әйтпесе, газ берілуі тоқтатылатынын ескерте бастады. Бұл жұмыс күні, көбі үйлерінде жоқ. Соған қарамастан қауіпсіздік техникасын сақтамай, олар пәтерлердегі газды ажыратып тастады, оның ішінде мәселен, біздің подъезд де бар, алайда ай сайын абоненттік төлемді кешіктірмей төлеп отырмыз. Адамдар басқа жұмыстарын тастап, осы бір келісімшартқа қол қойып, ол үшін 1610 теңге төлеуге асықты. Газшылардың әрекеті заңды ма?»

Мәселеге қатысты «Атыраугазинвест» ЖШС бас инженері Қайыржан ЗИНУЛЛИН комментарий берді:

- Біз ҚР 2012 жылғы 9 қаңтардағы ҚР «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР  заңының 19-бабы 3 және 5 тармақтарының талаптарына сәйкес әрекет етудеміз. Онда «3. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді жүзеге асыратын газ тарату немесе газ желісі ұйымымен не газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын, ҚР өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған, мамандандырылған тәуелсіз ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасауға міндетті. 5. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтунышалырдың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынады» деп нақты көрсетілген. Заңның мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігі. Біз пәтерлерге кіре алмаймыз, үйлерінде жоқ, жұмыста немесе пәтерлерін жалдап қойған. Сол себепті ТКШ-ға хат жазып, қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкерімен бірге үйлерді аралау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келісімшарт пәтер иелерінің барлығымен жасалуы тиіс. Кей пәтерлерге кіре алмағандықтан, құбырды түгел ажыратуға мәжбүрміз. Олардың кесірінен өзге тұрғындар зардап шегуде.

- Сонда «ұжымдық жауапкершілік қағидасын» ұстанып отырсыз ғой.

- Басқаша болмай тұр. Біз бұл жұмысты бірнеше жыл жүргізіп келеміз, халықты шулатпайық деп түрлі жұмыстар жүргіздік: хабарламалар тараттық, подъездің есіктеріне хабарландырулар ілдік, есік соқса, «мен пәтер жалдап тұрамын, сізді кіргізе алмаймын, үй иесіне айтамын, өзі хабарласар» деп жауап қайырады. Алайда, ешкім хабарласпады. Сондықтан ажыратуға тура келіп отыр. Келісімшарттың керек екенін түсіну керек, онда техникалық қызмет көрсетудің барлық тұстары келісілген. Оның үстіне, газ құрылғыларының ақауларынан өрт оқиғалары жиілеп кетті. Келісемін, қатаң шара, алайда соның арқасында ғана жаңа жылға дейін  Авангардтағы 2-ықшамауданды толықтай келісімшартқа отырғыздық. Енді жоспар бойынша Авангардың 3 және 4 ықшамаудандары мен Сәтпаев даңғылының (орталық көпірден «Өнерпазға» дейін) жартысы келісімшартқа отыру керек. Құзырымызға кіретін Лесхоз ықшамауданының жартысы мен Жеңіс саябағы жағындағы жеке сектормен келісімшартқа әлдеқашан отырып үлгерген. Жеке сектордағы үйлердің әрқайсысында жеке қазандықтары бар, сондықтан жылу маусымының алдында олармен келісімшартқа отырдық. Қыста жылусыз отыра алмайды ғой.

Осы кезде кабинетке Авангард-3 ықшамаудан, №7 үйдің тұрғыны кірді. Ол келісімшартқа қол қойған, ақшасын төлеген, бірақ газсыз отыр – себебі, көршілерінің көбі әлі қол қоймаған. Әрине, ол ренжулі:

- Мен неге басқалар үшін зардап шегуім керек?

- Қазір ғана айтып отыр едік, құбыр барлық пәтерлерге ортақ. Жеке-жеке кесу үшін пәтердің ішіне кіруіміз керек. Ал, біз кіре алмай отырмыз. Бұл туралы ПИК, ТКШ бәрі хабардар.

- Мен енді не істеуім керек?

- Біз қазір полиция қызметкерімен үйлерді аралап жүрміз, қасымызда сварщик бар, тұрбаларды кесіп-қосып жүр. Сіздің мәселеңіз жақын арада шешіледі деп сенеміз.

Әйел шығып кеткен соң (әрине, жауапқа қанағаттанған жоқ) мен:

- Түгел өшіріп тастағандарыңыз техникалық тұрғыдан қауіпті емес пе?

- Жоқ. Басында кісіміз бар, үй иелері табылған соң барып, бәрін қосып береді.

«Атыраугазинвест» ЖШС әрекеті қаншалықты заңды?

- Тұрғындар техникалық қызмет көрсету туралы келісімшартқа қол қоюлары керек. Заң солай, - дейді адвокат Гүлсім САБЫРОВА. – Дегенмен, Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларына сәйкес, Жабдықтарды жөндеу және жаңа тұтынушыларды қосу жөніндегі жоспарлы жұмыстарды жүргізу үшін тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді тоқтату туралы газ тасымалдау, газ тарату немесе газ желісі ұйымы тұтынушыны ағытуға дейін кемінде 48 сағаттан кешіктірмей ескертеді.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

15 қаңтар 2018, 10:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.