Атырау, 23 желтоқсан 05:59
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Ақ Жайықтың суретшілері бас қосты

10 098 просмотра

Қаңтардың 14-і күні Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Ақ желкен» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен Атырау суретшілерінің көрмесі ашылды. Онда жалпы 12 суретшінің 40 жұмысы апарылды.

Атыраудан өкіл болып барған қолөнер шебері Нұрсұлтан Қалиев, қылқалам шеберлері Әділқайыр Жантасов пен Исім Арыстанов бұл көрмеге өздерінің және жергілікті суретшілердің жұмыстарын кеңірек таныстырып қайтқан болатын.

Көрме суретшілердің өздері шығарған өлең шумағымен аталды:

«Жайықты бойлап ағысқа қарсы,

Жүзеді кеме, желкені сәнді.

Төскейде малы, төсекте басы,

Қосылған өлке өнері мәнді».

Бұл көрмені өткізудегі мақсат та – Атырау мен Орал суретшілерінің басын қосып, бір-бірімен тәжірибе алмасу үшін мүмкіндік тудыру. Оған қоса, өнерде жүрген өскелең ұрпақты ынталандыра отырып, өздерін де шығармашылық өсуге талпындыру, дейді суретшілер.

Көрме алуан түрлі жанрды қамтып, еркін тақырыпқа құрылды. Көрме залына ілінген картиналардың басым бөлігі Атырау өлкесінен сыр шертеді. Ал қолөнер бұйымдарынан Нұрсұлтан Қалиевтің «Кездесу», «Көнбеушілік», «Аққу күйі», Кеңес Айыпқалиевтің «Ақпан», «Алақай» жұмыстары қойылды.

Суретші Исім АРЫСТАНОВ(15 жыл қолөнермен айналысып келген, қазір бейнелеумен айналысады) Оралдың суретшілері мен өнерсүйер халқының көрмеден алған әсерлерімен бөліскенін жеткізді. Көрмені тамашалаушылар өздеріне ұнаған туындыларды сатып ала алады дейді ол.

- Көрме не үшін ұйымдастырылады? Суретшіні көпшілікке таныстыру үшін, оның жұмыстарын өткізу үшін. Суретшінің жұмысы сұранысқа ие болуы керек.

Қолөнерші Нұрсұлтан болса, қазіргі кезде өзін Алматыдағы мұражай көрмесіне шақырып отырғанын атап өтті. Алайда, барып келуге қаражат қажеттігін түсіндірді.

Енді көктемде Оралдың суретшілері Атырауда өз көрмелерін ұйымдастыратын болады. Ал атыраулық суретшілер сол көктемде Ақтөбе қаласында көрме өткізуді жоспарлап отырған жайы бар. Жаз айларында Ақтауға барып өнерлерін паш етуді да көздеп отыр.

Оралдағы көрме ақпанның 4-іне дейін тұрады.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

27 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.