Атырау, 4 мамыр 18:38
 ашықВ Атырау +7
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Спорт жаңалықтары

4 650 просмотра

ЖЕКПЕ-ЖЕК

«Атырау» ДСК-де Қазақстан тарихында тұңғыш рет ұлттық жекпе-жек бойынша әлем чемпионаты өтті. Қазақстандық балуандар 10 салмақ дәрежесі бойынша 8 алтын алқа алды.

Облыстық жекпе-жек федерациясының президенті Мәдихан БЕКБЕНБЕТОВ (суретте) әңгімелейді:

– Чемпионат «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды. Ресми түрде біздің спорт түріміз Қазақстанда 2011 жылдан бері дамып келеді. Жекпе-жек федерациясы барлық облыста бар. Жыл сайын балалар, жасөспірімдер, жастар мен ересектер арасында чемпионаттар және ел Кубогы өткізіліп отырады. Атыраулық спортшылар үнемі жақсы нәтижелер көрсетеді. Әнуарбек Батаев, Талғат Жұмағалиев, Қайрат Шәріпов, Мейірбек Төлегенов және Исатай Теміров - ҚР чемпиондары. Жастар мен жасөспірімдер арасында жергілікті спортшылардың көпшілігі чемпион болды.

Әлем чемпионатына сегіз елдің өкілдері қатысты. Бұл, әрине, аз. Бірақ жекпе-жек бойынша әлем чемпионаты Қазақстанда тұрақты өткізіліп тұрады және қатысушылар саны жыл сайын көбейе береді деп үміттенеміз. Атыраудан 4 спортшы қатысты, оның екеуі қола жүлдегер – Мейірбек Төлегенов (65 кг дейін) пен Исатай Теміров (75 кг дейін).

Жүлде қоры: алтын алқа үшін 2 мың доллар, күміс алқа үшін 1 мың доллар, қола алқа үшін 500 доллар. Спортшылар мен бапкерлер облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы А. Бекетке чемпионатты ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіреді.

Суретті М. Бекбенбетов ұсынды

***

КҮРЕС

Атырауда 2003-05 және 2006-08 жылғы жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен қалалық турнир өтті.

Өз салмақ дәрежелері бойынша Ерасыл мен Бақтияр Төлеуовтер, Әли Сағынтай, Нұрболат Сәлімбаев, Азамат Хайролла, Жамалиден Әлімғалиев, Әлихан Орынбасаров, Бекнұр Бөлекбаев, Батырлан Бағыт пен Абдолла Құспанов жеңімпаз атанды. «Үздік техникасы үшін» жүлдесі Е. Төлеуовке, «Жеңіске деген жігері үшін» жүлдесі Сұлтан Сақтапбергенге берілді. ҚР Еңбек сіңірген бапкері ақтөбелік Мұхамбетжан Зарлықов турнирдің үздік төрешісі деп танылды.

***

БОКС

Алматыда әйелдер арасында бокстан ҚР Еңбек сіңірген бапкері Меңгерей Хайрудиновті еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. 

Атыраулық Динара Зинуллина алтын алқа, Зарина Халилолла мен Нұрсәуле Елтай - күміс, Арайлым Қамарова қола жүлде алды. Спортшыларды бапкер Әлібек Көшенов дайындады.

***

ШАХМАТ

Атырауда облыстың ашық жеке чемпионаты аяқталды.

Ережеге сәйкес, турнир классикалық ойын ережелері бойынша өтті. Әр ойыншыға бір партия үшін 1 сағат 10 минуттан уақыт бөлінді. Басты мақсат – 2018 жылы ҚР чемпионатына түрлі жас тобындағы өкілдерден облыс құрамасына спортшылар іріктеу.

Ерлер арасында спорт шеберлігіне кандидат, жерлесіміз Серік Кенжеев облыс чемпионы атанды. Екінші орынды қарағандылық спорт шеберлігіне кандидат Абылай Суранчиев, үшінші орынды – политколледж оқушысы Саймардан Тұрар иеленді. Ардагерлер арасында 77 жастағы қызылқоғалық Амангелді Сақтағанов, әйелдер арасында Гүлнұр Төлеуова, жасөспірімдер арасында – Нұрбек Хайрошев жақсы нәтижелер көрсетті.

Назарбаев зияткерлік мектебінен екі оқушы: қыздар арасында – Диляра Ғабитова, ұлдар арасында – Ибрагим Ғалымжанұлы облыстың шахмат тәжін иеленді. 12 жасқа дейінгі қыздар арасында №19 мектептен 8 жастағы Зарина Нұрғалиева бірінші орын алды. Облыстың аға бапкері С. Ғайсиннің айтуынша, 2018 жылы ел чемпионаты Атырауда өтеді. - 2017 жыл бізде, жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Жәнібек Амановтан басқа бірқатар мықты ойыншылар бар екенін көрсетті, - деп мәлімдеді бапкер.

***

ГРЭППЛИНГ

Астанада жасөпірімдер мен жастар арасында грэпплингтен Қазақстан Кубогы өтті. 

Атырау құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп, 2 күміс пен 2 қола алқа алды. Финалистер: Тальха Хисмет (53 кг дейін) - 5 белдесу, мерзімінен бұрын 4 жеңіс, Айбар Мұстафин (65 кг дейін) – 3 белдесу, 2 жеңіс. Қола алқа Фархат Қожантаев (62 кг дейін) пен Иманғали Дүйсенов (58 кг дейін). Спортшыларды Райымбек Дүйсенов пен Нұрлыбек Даралиев дайындады.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ


14 желтоқсан 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.