Атырау, 4 мамыр 09:58
 ашықВ Атырау +15
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

"АрселорМиттал Теміртау" кеншілер талабына комментарий берді

1 693 просмотра

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы зауытының кеңсесі, Қарағанды облысы (Көрнекі сурет).
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы Қарағанды облысындағы бірнеше шахтасында наразылық танытып жатқан кеншілер талабына қатысты комментарий берді.

"Қойылып отырған талаптар негізінен бірыңғай ұжымдық келісімде бұрын қаралған. Бастамашыл топ көтеріп отырған, талқыланатын негізгі талап – жалақыны көтеру. Шахталар қызметін қалпына келтіру бойынша бригадалар жұмыс істеп жатыр. Алты шахтада ауысымға жөндеу бригадалары шықты" делінген компанияның 12 желтоқсанда таратқан баспасөз хабарламасында.

12 желтоқсанға қараған түні кеншілер әрқайсысының ұжымынан келіссөз жүргізетін адамын ұсынды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, бастамашыл топ құрамына барлық еңбек ұжымының өкілдері, компания басшылығы, шахталардың директорлары, Қарағанды облысы мен Шахтинск қаласы әкімдіктерінің, облыс прокуратурасының өкілдері кірген.

Кеншілер "АрселорМиттал Теміртау" басшылығына бірнеше талап қойып отыр. Олардың ең бастылары – жалақыны 100 пайызға өсіру, зейнеткерлікке 50 жастан шығару, ауырып қалған кездегі жалақысын толық көлемде төлеу. Жұмысшылар сонымен қатар құрал-жабдықтардың ескіргенін айтып, шахталардың материалдық-техникалық базасын жақсарту және әлеуметтік төлемдер мәселесін қозғады.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы шахталарының ондаған кеншісі 11 желтоқсан күні таңертең түнгі ауысымдағы жұмыстарын аяқтаған соң жер бетіне шығудан бас тартқан. Басшылыққа талап қойып, орындалуын талап еткен жұмысшылар 12 желтоқсанға қараған түнді де шахтада өткізді. Наразылық танытушылардың нақты саны белгісіз. 11 желтоқсанда Қарағанды облысының билігі 200-ге тарта жұмысшының түнгі ауысымнан соң жер бетіне шықпай қалғанын хабарлаған.

Дереккөз: azattyq.org

12 желтоқсан 2017, 13:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.