
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Елжас Орыншиевтің ұсталуына байланысты ресми мәлімдеме жасады. ҚТЖ жолаушылар және жүк тасымалы толық көлемде жүзеге асырылып жатқанын, клиенттер алдындағы барлық міндеттемелер орындалатынын мәлімдеді.
«Тасымалдау процесі үздіксіз жүзеге асырылып, жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалысы толық көлемде қамтамасыз етілуде. Қозғалыс қауіпсіздігі мен тасымалдау кестесінің сақталуы тұрақты бақылауда», – делінген ұлттық компанияның хабарламасында.
Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қоры да осындай мәлімдеме жасап, инвесторларды, кредиторларды және халықаралық серіктестерді қаржылық әрі институционалдық тұрақтылықтың сақталатынына және барлық міндеттемелердің орындалатынына сендірген болатын.
Еске салайық, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың, ҚТЖ басшысы Елжас Орыншиевтің және басқа да тұлғалардың сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталғанын растады.
Осы оқиғадан кейін QAMS қауымдастығының атқарушы директоры Данияр Темірбаев ҚТЖ акцияларын бастапқы орналастыру (IPO) белгісіз мерзімге кейінге қалдырылуы мүмкін екенін айтты.
13 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын дамыту мәселелері бойынша Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесін өткізуді тапсырды. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияров бұған дейін президент екі ұлттық компания басшыларының ұсталуына байланысты мемлекеттің қағидатты ұстанымын білдіретінін хабарлаған еді.
В Атырау +3.7