МИНИ-ФУТБОЛ
«Атырау» ДСК-де 2005-06 жылғы балалар арасында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 95 жылдығына арналған турнир өтті.
Турнир нәтижесі бойынша, 1-орынды «Жылыой» командасы, 2-орынды «Атырау-06» футбол орталығының командасы, 3-орынды – «Махамбет» командасы алды. Қақпашы - Алексей Ротнов, қорғаушы - Нұржан Нұрғалиев, шабуыл жасаушы - Ерлан Қанат, сұрмерген - Бекет Макутов, ең пайдалы ойыншы - Наурызбек Амандықов үздік ойыншылар деп танылды. Жеңімпаз команданы бапкерлер Жұмабек Маханов, Қайрат пен Қадырбек Мұсағалиевтар дайындады.
***
«Атырау» ДСК-де Еңбек сіңірген ұстаз Ғ. Харесовті еске алу құрметіне мини-футболдан дәстүрлі 4-ші халықаралық турнир өтті.
Турнирге Атыраудан, Орынбордан, Ақтау мен Ақтөбеден командалар қатысты. Жартылай финалда «КеденТрансСервис» жауапсыз бес доп салып, «Залина» командасын ойсырата жеңді. Жартылай финалистердің басқа жұбы «Газовик» (Орынбор) «Мобил-Сервис» командасынан басым түсті. Есеп 5:3. Финалда орынборлықтар 2:0 есебімен «КТС» командасын жеңіп шықты.
Ресейліктер өз жеңістерін турнир алдында өмірден ерте кеткен команда капитаны Игорь Чумейкоға арнады. Атыраулық ойыншылар арасында «Залина» командасының шабуылшысы Хамидолла Қапашев, сұрмерген – «КТС» командасынан Мақсат Истаев үздік ойыншылар деп танылды.
***
БАСКЕТБОЛ
Ақтөбеде В.Данниковты еске алуға арналған 17-ші халықаралық турнир өтті.
Оған Орынбордан, Оралдан, Ақтөбеден 6 команда, Атыраудан «ВИА» мен «Іскер» командалары қатысты. Ойындар шеңбер жүйесі бойынша өтті. Турнир қорытындысы бойынша – «Іскер» 1-орынды, «ВИА» 2-орынды, «Ақтөбе» 3-орынды иеленді. «Іскер» ойыншылары Тимур Қалиев пен Аманжан Мұхиденов арнайы жүлделермен марапатталды.
«Іскер» жеңісті Нұрлан Балғымбаевқа арнады. Команда «Іскер» консорциумының президенті Төлеген Балғымбаевқа Атырау облысындағы баскетболды дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Щучинскде 2002-03 жылғы және 2004-05 жылғы жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтті.
Жоғары жас санаты бойынша 10 команда қатысты. Алдын ала ойындар 2 топта өтті. 1-орынды Алматы қаласының, 2-орынды Қарағанды облысының, 3-орынды Оңтүстік Қазақстан облысының командалары алды. Кіші жас санатында 1-орынды тағы да Алматы, 2-орынды қостанайлықтар, 3-орынды – «Атырау барыстары» алды. Атыраулық ойыншы Тілепберген Бексұлтан үздік ойыншы деп танылды.
***
САМБО
Самарада Самбо күніне арналған Бүкілресейлік ашық турнир өтті. Сайыстарға 150-дей жас самбошы қатысты. Өз салмақтарында Райымбек Базарбаев пен Нұрасыл Рысбаев күміс жүлдегерлер атанды. Ал Қайрат Жұмабай мен Ерасыл Удреев қола алқа алды. Спортшыларды бапкерлер К. Досқалиев, Е. Төлеген және К. Табынбаев дайындады.
***
ТАЕКВОНДО
Астанада таеквондодан ҚР чемпионаты өтті.
Облыс құрамасында Үмбет Шәкиев (87 кг дейін) күміс алқамен, Анажан Исатаева (62 кг дейін), Алмас Меллатов (68 кг дейін) және Айгүл Елубай (73 кг дейін) қола алқамен ерекшеленді.
Осы жерде балалар арасында Астана әкімінің Кубогы өтті. Атыраулықтардан Эльдар Жолдаспаев (24 кг дейін) пен Арайлым Асқарова (37 кг дейін) жеңімпаз атанды, күміс алқа Артур Серікке (33 кг дейін), қола алқа Омар Қодаровқа (53 кг дейін) бұйырды.
Таеквондо-пумсе кешені бойынша Астанада өткен ҚР чемпионатында облыс құрамасы ойдағыдай сайысты.
Алтын алқаны Айдана Махимова, Ғизат Салихов және Қабибек Мұхитов, күміс алқаны - Асан Қасаев, қола алқаны Фархад Қаржауов қанжығаларына байлады.
***
КАРАТЕ
Жапонияның Окинава аралында өткен WKF карате «А» сериясының Премьер-лига чемпионатында атыраулық спортшы Әсел Серікова қола алқа алды.
Әсел жартылай финалда жапондық спортшыдан «сеншу» - бірінші техникалық амал үшін тең түскен кезде берілетін балл бойынша есе жіберіп алды. Ал бұған дейін Канаданың, Иранның және Тайпейдің өкілдерін сенімді түрде жеңген болатын. Бұл турнир жоғары әлемдік рейтингке ие және 2020 жылға олимпиадалық лицензия алуға жақсы жолдама.
***
Бухаресте жасөпірімдер арасында кекушинкай-кан каратеден Еуропа Кубогы өтті.
Атыраулық Дінмұхаммед Әбдіғали үш жекпе-жекке шығып, жеңіске жетіп, біреуінде жеңіліп, қола алқаны қанжығасына байлады. Спортшыны Т.Нұрымов, М.Жолдасов және Р.Байбосынов жаттықтырады.
***
БОКС
Ресейдің Белоярский қаласында мұнайлы елдер арасында Әлем кубогы өтті.
Атыраудың екі өкілі: Ержан Ордабаев – алтын және Рашид Салауатов қола алқа алды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ