Атырау, 28 наурыз 15:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институты сақталады

2 725 просмотра


Ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын сақтау мен оны жетілдіру ескеріліп отыр. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады.

«Өткен жылы жер саласында туындаған мәселелерді қарау жөнінде құрылған жер комиссиясы жұмысының қорытындысы бойынша, сондай-ақ министрліктің осы саланы дамытуға байланысты жасаған ұсыныстарының негізінде заң жобасы дайындалды. Осы орайда заң жобасы ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын сақтау әрі оны жетілдіруді, ауыл шаруашылығы жерлерінің жалға берілетін шекті мөлшерін белгілеуді, шекара аумақтарындағы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану талаптарын күшейтуді, тұрғындардың жайылым алқаптарына деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету және басқа да мәселелерді қамтыды», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.

Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға берудің жаңа әрі бөлек тәртібі қарастырылып отыр. Жер учаскелері конкурсқа қойылатын жерлер тізбесіне сәйкес беріледі. Тізбені ауданның жер қатынастары жөніндегі бөлімдері қалыптастырып, міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісілген соң, аудандық әкімдіктер бекітеді. Конкурстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін жер комиссиясы құрамының 50 пайызы қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерінен тұратын болады. Бұл нормалар жер бөлу барысында жергілікті тұрғындардың қоғамдық пікірін ескеру үшін енгізілді.

«Сонымен бірге, конкурстың жариялылығын қамтамасыз ету үшін хабарландыру тек аудандық қана емес басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады. Мұнымен қоса, конкурс жариялағалы отырған аудан хабарландыруды өзінің ресми сайтына қоса, облыстың басқа аудандары мен ауыл әкімдіктеріне жіберуге міндеттеліп отыр», - деп түсіндірді А. Мырзахметов.

Осы орайда конкурсқа қатысушылардан міндетті түрде  талап етілетін құжаттар бекітілді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізудің бизнес-жоспары; жерге орналастыру жобасын жасау мен игеру жөніндегі міндеттемелері; жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындарын ашу бойынша міндеттемелер; мемлекеттік саясатқа сәйкес, егіншілік саласының әртараптандыруға қатысты облыстың көрсеткіштерін ескеру міндеттемелері ескерілген.

«Аталған талаптар берілетін жерлерді тиімді пайдалану үшін қойылады. Осы мақсатта заң жобасында тұрақты мониторинг жүргізу көзделген. Жалдау уақытының алғашқы 5 жылында - жыл сайын, одан кейінгі кезеңдерде суармалы егістікте - 3 жыл сайын, тәлімді жерлерде - 5 жыл сайын жүргізілетін болады», - дейді ол.

Мониторинг көрсеткіштеріне: жердің нысаналы мақсаты; өнімділік деңгейі; ауыспалы егістікті сақтау;  жерлердің фитосанитарлық, агрохимиялық көрсеткіштері; жалдау шартының басқа да міндеттерін орындау кіреді. Мониторинг қорытындысымен жалдау шартындағы міндеттердің бірі орындалмағаны анықталса, онда жалға беру келісім шартын өкілетті орган бір жақты бұзуға құқылы.

Мониторингті құрамына ауыл шаруашылығы және жергілікті органдардың, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің өкілдері кіретін комиссияның қатысуымен жер қатынастары бөлімдері жүзеге асырады. Мониторинг жүргізудің тәртібі Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітіледі. Оның оң нәтижелері жер учаскесін жалға беру мерзімін ұзартуға негіз болып табылады.

Дереккөз: ҚазАқпарат

29 қараша 2017, 11:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.