Атырау, 22 желтоқсан 07:47
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

Сурет
4 641 просмотра

ВОЛЕЙБОЛ

Хромтауда волейболдан 23 жасқа дейінгі қосалқы командалар арасында ел чемпионатының алғашқы туры өтті.

«Атырау-2» командасы бір матчтан басқа («Есіл-КС» командасына есе жіберді) барлық матчтарды ұтты. Тиісінше, турнир кестесінде 2-орында тұр. «Атырау-2» командасында үш ойыншы: Ерасыл Нығметов, Дияс Смағұл және Бағыт Орынбасаров үздік деп танылды. Команданы Биғали Жұмағазиев жаттықтырады.

 ***

ЖҮЗУ

Жүзуден облыс құрамасы екі турнирде ойдағыдай өнер көрсетті.

Теміртауда өткен ҚР Кубогына Сабина Жәңгірова, Ермұрат Нұрланов пен Виолетта Шильман қатысты. Ол жерде бұл спортшылар маусымдағы өздерінің үздік нәтижелерін көрсетті. Сабина (еркін стиль) мен Ермұрат (арқамен жүзу) республикалық рейтингте 12-орынға көтерілді. Сондай-ақ, Теміртауда тренерлер кеңесі өтіп, өңірлерде жүзуді дамытудың өзекті мәселелері мен келер жылға күнтізбелік жоспар талқыланды. Республикалық «Көңілді дельфин» турнирінің бірінші кезеңінің Атырауда өтетіні жақсы жаңалық болды.

Бұдан басқа, облыс құрамасы Шымкентте 2004 жылғы жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында өнер көрсетті. 50 метрлік қашықтықта еркін стиль бойынша Дамир Алтайұлы (суретте) қола алқа иеленді. В.Шильман, Тәңірберген Жұбанов, Ерасыл Берегенов пен Александр Зыков жүлдегерлер болмаса да, жақсы нәтижелер көрсетіп, команданы жоғары рейтингке көтерді.

***

СПАРТАКИАДАЛАР

Атырауда Дене шынықтыруды дамыту орталығының қолдауымен облыстық мұғалімдер спартакиадасы өтті.

Спорттың 6 түрінен спартакиадаға 400-дей педагог қатысты. Қорытынды бойынша 1-орынды Атырау қаласы мектептерінің құрамасы, 2-орынды Исатай ауданының, 3-орынды Құрманғазы ауданының командалары алды. Мұғалімдер кәсіподағының атынан оларға теледидарлар тарту етілді.

***

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА

Петропавловскде «Спешл Олимпикс» ҚБ қолдауымен жеңіл атлетикадан республикалық турнир өтті.

Сайыстар Александр Винокуров атындағы спорт манежінде өтті. Оған 8 облыстан, соның ішінде Атыраудан да командалар қатысты. Аида Байсмакова ұзындыққа секіру және 60 метрге жүгіру бойынша алтын алқаны, сонымен қатар, 200 метрге жүгіруден күміс алқаны еншісіне байлады. Алексей Сивковский 200 метрлік қашықтықта екінші болды. 4х100 метрлік эстафетада Атырау құрамасы (А.Байсмаков, А.Сивковский, Айша Әбішева және Андрей Астахов) күміс жүлдегер атанды. Спортшыларды бапкерлер Е.Бисенғалиев пен Б.Рахбиев дайындады.

***

КАРАТЭ

«Атырау» ДСК-де 10-11 және 12-13 жастағы жасөспірім ұл-қыздардың арасында WKF (олимпиада нұсқасы) карате-до бойынша ел чемпионаты өтті.

Біздің өңірімізден «Қайсар» спорт клубының шәкірттері қатысты. Алтын алқаны Нұрбек Кенжебай мен Кансей Тё, күміс алқаны – Расул Олжағали, қоланы – Ұлмекен Жалғас, Файзолла Батырғали және Диана Айтжанова иеленді. Бұдан басқа, командалық катада күміс алқалар Валерия Квон, Карина Крешнёвская мен Д. Айтжановаға бұйырды.

***

ДОЙБЫ

«Барыс» балалар мен жасөспірімдер клубында оқушылар арасында командалық қалалық турнир өтті.

Сайысқа жеті мектеп командалары (түрлі жастағы 4 ұл мен қыздан) қатысты. 1-орынды №31 мектептің, 2-орынды №35 мектептің, 3-орынды – Амангелді атындағы (Дамбы) мектеп командалары алды.

***

ЖЕКПЕ-ЖЕК

ММА бойынша (аралас жекпе-жек) Бахрейнде өткен әлем чемпионатында 61,2 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған атыраулық спортшы Олжас Молдағалиев күміс алқа иеленді.

Алдын ала шеңберде Олжас төрешілердің бірауызды шешімімен американдық Chase Boutwell-ді жеңді. Содан кейін ауыр жекпе-жекте ресейлік бәсекелесі Валерий Палатовты ұпай бойынша жеңіп шықты. Жартылай финалда ҚР құрамасындағы серіктесі Дінислам Жетпісовпен кездесуі тиіс еді. Бірақ Дінисламның ескі жарасы ашылып, дәрігерлер оған алаңға шығуға тыйым салғандықтан, ол қола алқаны місе тұтты.

Ал финалда Олжас Бахрейн легионері Гамзат Магомедовпен кездесті. Біздің палуан соққы техникасы бойынша бәсекелесінен басым түскенімен, Магомедов күресуде үстемдік танытты. Үш раундтың қорытындысы бойынша қазылар шешімімен жеңіс Магомедовке беріліп, Олжас Молдағалиев әлемнің вице-чемпионы атанды.

***

КҮРЕС

Астраханда грек-рим күресі бойынша қалалық Дума Кубогына ашық турнир өтті.

Оған атыраулық спортшылар да қатысты. Олардың екеуі: Әділжан Елемесов (59 кг дейін) пен Шынболат Есеналиев (80 кг дейін) қола алқаларды қанжығаларына байлады.

***

БАСКЕТБОЛ

Атырауда баскетболдан облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының жастар құрамасы арасында ел чемпионатының финалдық туры өтті.

«Барыстар» командасы (Атырау) барлық матчтарда жеңіске жетіп, алтын алқаға ие болды. 2-орында Астана құрамасы, 3-орында – Қостанай облысы. Атыраулық Нұртас Телеубаев турнирдің үздік ойыншысы деп танылды. Спортшыларды бапкер Саламат Торғаев дайындады.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ


23 қараша 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.