Атырау, 29 желтоқсан 18:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -4
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Спорт жаңалықтары

Сурет
4 076 просмотра

ТУРНИРЛЕР

Тәлімгердің құрметіне

«Атырау» ДСК-де 2006-2008 жылғы жасөспірімдер арасында облыстағы спорт ардагері, бапкер Сулико Козоновтың 80 жылдығына арналған еркін күрес бойынша халықаралық турнир өтті.

Сулико Антонович Атырау жұртшылығына жақсы таныс. Түрлі жылдары ол балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне басшылық етті, Олимпиадалық резервтегі мектепте спортшыларды дайындады, мектептерде бокс пен еркін күрес бойынша арнайы сыныптардың негізін салды. Республикалық және халықаралық деңгейде облыстың намысын ойдағыдай қорғаған еркін күрес және грек-рим стиліндегі палуандардың тәлімгері. Турнирде бапкердің құрметіне Шешенстаннан, Дағыстаннан, Қалмақстаннан және Қазақстанның көптеген облыстарынан екі жүзден астам жас спортшылар қатысты. Иеленген алқалар саны бойынша бірінші орынды Дағыстанның, Шешенстанның және Атырау қаласының командалары өзара бөлісті. Біздің спортшылардан 20 келіге дейінгі салмақта Мейіржан Әбден мен 33 келіге дейінгі салмақта Руфат Асланұлы ерекшеленді.

***

ДЗЮДО

Ақтөбеде дзюдодан ел чемпионаты өтті. 

Атыраулық спортшылардан күміс алқаны Саида Қапсалықова, қола алқаны Назгүл мен Сұңғат Закарияев иеленді.

***

САМБО

Қарағанды облысының Ақадыр поселкесінде 2004-2005 жылғы жасөспірімдер арасында самбодан Көкбөрі Керней батырды еске алуға арналған республикалық турнир өтті. 

Сайысқа Қырғызстан мен Қазақстаннан 15 самбошылар командасы қатысты. Соның ішінде, Атырау қаласындағы №1 БЖСМ шәкірттері де бар. 60 келіге дейінгі салмақта Райымбек Базарбаев алтын алқа, 31 келіге дейінгі салмақта Нариман Мұқан, 34 келіге дейінгі салмақта Базар Досжан мен 46 келіге дейінгі салмақта Ерасыл Удреев қол алқалар алды.

ЗІЛТЕМІР

№1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 20 жасқа дейінгі жастар арасында ауыр атлетикадан ҚР чемпионаты өтті. Облыс құрамасы үш алқа иеленіп, сәтті өнер көрсетті.

Спортшылар көрсеткен нәтижелер бойынша төрешілер көтерген зілтемірдің спорт дәрежесіне қаншалықты лайықты екендігіне үкім шығарды.

Атыраулық зілтеміршілер өз дәрежелерін қорғап қалды. 62 келіге дейінгі салмақта атыраулық Нұрсұлтан Омаров пен Серікболсын Исемберді жалпы 228 және 213 келі көтеріп, тиісінше алтын мен күміс алқаны иеленді.

77 келіге дейінгі тағы бір күміс алқаны облыс құрамасының қоржынына Сейітқазы Әлішер салды. Ол жұлқи және серпи көтеру  бойынша жалпы 297 келі нәтижені көрсетті. Ол да ҚР спорт шебері атағын қорғап шықты.

Қыздар арасында табанды күрес өтті. 69 келіге дейінгі салмақта атыраулық Анастасия Бурова қоссайыс бойынша жалпы 163 келі жинап, бір келі айырмашылықпен алматылық Аружан Көлбайға қола алқаны беріп қойды.

Спортшыларды тәлімгерлер М.Үсенбаев және Т.Халматов дайындады.

***

БОКС

Ел чемпионатында атыраулық жас боксшы Нұрбол Алтаев үздік нәтиже көрсетті.

Ауыр салмақта қатысқан боксшы екі жекпе-жекте жеңіске жетіп, тек финалда 2:3 есебімен Азия чемпионы, қостанайлық Антон Пинчуктен ұтылып қалды. Нұрболдың күміс алқасының арқасында Атырау облысы турнир кестесінің ортасынан орын алған. 1-орында Оңтүстік Қазақстан облысы, 2-орында Маңғыстау, 3-ші орында Жамбыл.

***

ШАХМАТ

Облыс құрамасы Қызылордада өткен Дәрмен Сәдуақасовтың кубогына арналған республикалық шахмат турнирінде жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Жас гроссмейстерлердің сайысына бүкіл облыстан, Қазақстанның екі бас қаласынан, Қырғызстан мен Ресейден командалар қатысты. Әр командада түрлі жастағы үш қыз бен үш ұлдан шахматшылар болды. №1 БЖСМ тәрбиеленушілерінің атыраулық командасы барлығы 39 ұпай жинап, командалық құрметті екінші орынды иеленді. Бірінші орын ақтөбелік командаға, үшінші орын тараздық командаға бұйырды.

Атырау құрамасында 17 жасқа дейін - Нұрбек Хайрошев пен Жазира Боран, 13 жасқа дейін - Нұрәділ Жамбыл мен Зухра Сәрсенби, 9 жасқа дейін - Аят Абдуллаев пен Зарина Нұрғалиева қатысты.

Нұрбек, Аят пен Зарина жеке есеп бойынша бірінші орындар алып, турнирдің үздік ойыншылары деп танылды.

Облыс құрамасының аға бапкері Сабырбай Ғайсиннің айтуынша, бұл – Қазақстандағы ең ірі әрі танымал турнир. – Биыл команда алғаш рет өте жоғары нәтиже көрсетті, бұған жас бапкер, халықаралық спорт шебері Жәнібек Амановтың қосқан үлесі зор, - деді Ғайсин.

***

ФУТБОЛ 

«Судоремонтник» стадионында футболдан Атырау қаласы Кубогының финалы өтті.

«Сазанқұрақ» (қала чемпионы) пен «Нұрберген» (3-орын иегері) командалары қатысты. Кубок «Нұрберген» командасына бұйырды.

***

МУАЙ-ТАЙ

Атырауда муай-тайдан ҚР федерациясының кубогы өтті. Ринг иелері жеңімпаз атанып, 2-орынды Алматы облысының құрамасы, 3-орынды – Алматы қаласының құрамасы алды.

Атырау командасының құрамында Юсуф Мухтасип, Әли Өтемісов, Алан Юсупов, Арсен Маратұлы, Әлижан Даумов, Сағынбек Хасанов, Рамиль Маратов, Жомарт Тынышқалиев, Мұхамедали Мақсот және Әли Науанов алтын алқалармен ерекшеленді.

Суретте: Ә.Өтемісов

***

ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР

Оралда дене тәрбиесі мұғалімдерінің арасында тоғызқұмалақтан алғашқы ҚР чемпионаты өтті.

Жылыой ауданының дене тәрбиесі мұғалімі Ғабит Тұрнизов сайыстың күміс жүлдегері, ал Махамбет ауданының мұғалімі Алтын Ғабитқызы қола алқа иеленді. Жүлдегерлерге марапаттарды ҚР құрамасының бас бапкері Айнұр Жақапбекова табыс етті.

***

КИКБОКСИНГ

Будапеште өткен әлем чемпионатында Атырау облысының өкілдері сәтті өнер көрсетті.

Біздің құрама қоржынына алтын алқаны Жандос Назарбеков, күміс алқаны Абзал Дүсіпов, қола алқаны Жанәлі Сәлімгерей салды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ


16 қараша 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


FLYADS