
Бүгін елордадағы Назарбаев Орталығында Астана клубының үшінші отырысы жұмысын бастады. Халықаралық пікірталас алаңына 27 елден 60-тан астам қатысушы келген, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.
Олардың қатарында саяси қайраткерлер, беделді ғалымдар мен АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Еуропа елдері, Таяу Шығыс, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиядан келген «ақыл-ой» орталықтарының алдыңғы қатарлы сарапшылары бар. Алғаш рет клуб жұмысына саясаткерлер – экс-мемлекет басшылары Абдолла Гүл (Түркия), Вацлав Каус (Чеxия), Данило Тюрк (Словения) қатысуда.
Астана клубы сессияларына жаһандық сарапшылар қауымдастықтың ірі тұлғалары – Джордж Фридман (Statfor негізін қалаушы), Эндрю Качинс (Джорджтаун университеті, АҚШ), Эдвард Люттвак (Стратегиялық және xалықаралық зерттеулер орталығы, АҚШ), Фредрик Старр (Джонс Хопкинс университеті, АҚШ) және т.б. қатысады.
Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының xалықаралық экономика және саясат бағдарламасының жетекшісі Серік Бейсембаев бүгінгі отырыстың күн тәртібін түсіндірді.
«Бүгінгі Астана клубының сессиясында талқыланып жатқан негізгі мәселелердің бірі – Еуразиялық кеңістікте соңғы уақытта орын алған кикілжіңдер, жанжалдар, саяси текетірестерді шешу жолдары. Бұның ішіндегі батыс пен Ресей арасындағы текетірес бірнеше жылдан бері орын алып жатыр. Негативтің салдары, өкінішке қарай, бізге де ықпал етіп жатыр. Соны шешудің қандай жолы бар, әр тараптан қандай қадамдар қажет және Қазақстан бітімгерлік миссиясын атқара отырып, не ұсына алады деген сұрақтарды талқылаймыз. Қазақстанның соңғы уақыттағы дипломатиялық жетістіктері бәрімізге анық. Күн тәртібінде тұрған осы мәселелерге байланысты оңтайлы шешімдердің қабылдануына ықпал етеді», - деді жетекші.
Серік Бейсембаев Астана клубының негізгі мақсатын да атап өтті.
«Бұл – бітімгерлік процесстердің орын алуына ықпал ететін сарапшылар жиыны. Қандай да бір саяси шешім қабылданбас бұрын, ең алдымен, саяси консультация беретін адамдар белгілі бір ортақ пікірге келуі қажет. Яғни кез келген саяси шешімнің қабылдануы өте маңызды және сараптамалық негізіне байланысты. Мұны қалыптастыру – Астана клубының негізгі мақсаттарының бірі», – деп сөзін түйіндеді ол.
Дереккөз: Baq.kz
В Атырау 0