
Астанада өтіп жатқан «Рухани жаңғыру: Алаш және Азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова елімізде жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Алаш қайраткерлерінің мақсатымен үндес екенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Алашорда қайраткерлерінің идеясы Азат Қазақстанның мақсат-мүдделерімен жалғасып жатыр деп айтуға болады. Мысалы, Әлихан Бөкейхан «Дүниеде не болса да біртіндеп жүзеге асады» деген болатын. Яғни, бұл біздің Елбасының қазіргі дәйекті саясатына қарап айтылғандай. Ахмет Байтұрсынұлы кезінде қазақ әліпбиін ең бірінші болып қолға алған болатын. Енді бүгін Қазақстандағы жақында ғана қолға алынған латын әліпбиін жүзеге асыру мәселелері қаралып жатыр. Латын әліпбиіне көшу еліміздегі басым бағыттардың бірі», - деді Мемлекеттік хатшы.
Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы Алаштың дара тұлғасы, Алашорда көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқайдың «ұлттық рухсыз ұлттың тәуелсіздігін елестету мүмкін емес» деген сөзін бүгінгі күнмен байланыстырды.
«Бүгінгі таңда іске асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағытындағы жұмыстар осы мақсаттарға сай деген ойдамын. Жер жерде ауқымды жиындар, конференциялар ұйымдастырылып жатыр. Әрбір оқу орындарынан, ғылыми институттардан Алаш қайраткерлерінің жұмыстарын жалғастыру жолындағы ұсыныстар келді. Бүгінгі конференция жасалған іс-шаралардың қорытындысы деп білеміз», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Естеріңізде болса, бүгін Астанада өтіп жатқан Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға еліміздегі танымал алаштанушылар, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Түркия, Ресей, Әзербайжан елдерінен келген ғалымдар арнайы қатысып жатыр.
Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы конференцияның ашылу салтанатында Елбасының құттықтау хатын жеткізген болатын.
Дереккөз: Baq.kz
В Атырау 0