Атырау, 22 желтоқсан 08:26
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Еуропа: мүмкіндік бар ма?

3 417 просмотра


28 қазан күні өткен 32-турдың өз алаңында өткізген соңғы матчында «Атырау» футбол командасы «Таразды» қабылдады.

Жеңіс екі командаға да керек-тұғын. «Таразға» соңғы 33-турға дейін премьер-лигада қалу үшін бір мүмкіндік керек болды. Ал біздің командамызға 10-шы орыннан және сәйкесінше Бірінші лигадағы үшінші командамен өтетін матчтан сақтап қалатын үш ұпай жетпей тұрған.

Алғашқы минуттардан-ақ алаң иелерінің тез гол салғылары келгені байқалып тұрды. Марат ХАЙРУЛЛИН шабуылға шығып, 8-минутта есеп ашар мүмкіндігі болған еді, алайда оның бағыттаған добы қақпаның жоғары маңдайшасына тиді. Қонақтар да арасында Жасур НАРЗИКУЛОВТЫҢ иелігіне жақындап жүрді, алайда қақпаға бағытталған допты қақпашы еш қиындықсыз қағып алып отырды. Жалпы алғанда бірінші таймда анау айтқандай өткір шабуылдар болмады, тек 41-минутта «Атырау» шабуылшысы Предраг СИКИМИЧ айып добын қақпаға дарытқан еді, бірақ қапталдағы төреші футболшының офсайдта қалғанын тіркеп, гол есепке алынбады.

Екінші таймның бас жағы да алғашқы кезеңдегідей болғанмен, аздан соң командалар алма-кезек шабуылдар ұйымдастырды. Есепті алдымен қонақтар ашты: 69-минутта Бахтияр ЗАЙНУТДИНОВ айып алаңындағы қарбаласты пайдалана отырып допты қақпаға салып жіберді, Нарзикулов ештеңе жасай алмады – 0:1. Қонақтардың қуанышы ұзаққа созылмады: 70-минутта Хайруллин сол жақ қапталмен алға ұмтылып, Сикимичке допты асырып жіберді, ал серб жігіті басымен допты қақпаға дарытты – 1:1. Әрі қарай 77-минутта алаң иелері алға шықты: алаңға шыққан Әлішер СҮЛЕЙДІҢ тепкісінен кейін доп қорғаушыға тиіп, Хайруллинге қарай домалап кетті, ол есесін жібермеді – 2:1. Алайда есеп алмасу жалғасты: бір-екі минуттан кейін «Атырау» қақпасына алғашқы голды салған Зайнутдинов турдың ең әдемі голын салды – бұрыштама соққыдан әуелеген доп ешкімге тиместен айналып келіп қақпаға топ ете қалды. Бұл соққы «сухой лист» деп аталады әрі футболда сирек орындалады, мұны ойлап тапқан Валерий ЛОБАНОВСКИЙ болатын.  

Ойынның шешімі 81-минутта, алаң иелері бұрыштама добын тепкен соң шықты. Хайруллиннің берген добы Владимир ДВАЛИШВИЛИДІҢ аяғына түсіп, грузиндік легионер оны Новица МАКСИМОВИЧКЕ берсе, ол өз кезегінде Ризван АБЛИТАРОВҚА ысырып жіберді, соңғысы допты қарсыластың қақпасында ойнатты. Маусым бойы дәл осылай ойнағанда ғой!

...Қалған уақытта «Тараздың» еңсесі бірден түсіп кетті, шабуылға шықпады, ал «Атырау» жеңісті есепті сақтап қалды. Матч 3:2 есебімен аяқталды.

Матч соңындағы конференцияда «Тараздың» бас жаттықтырушысы Ваит ТАЛГАЕВТЫҢ жүзі суық болды:

- Не деймін? Біз үшін чемпионат аяқталды – «Тараз» шығып қалды. Бүкіл жауапкершілікті өз мойныма аламын. Команда соңына дейін үш тур қалғанда психологиялық тұрғыдан сынды, бізден алты ұпайды шегерді... Осылай болуы керек болған ғой. Жанкүйерлерден үмітттерін ақтамағанымыз үшін кешірім сұраймын.

Маусымның аяқталуына бір тур қалды, «Атырау» 35 ұпаймен турнир кестесінде сегізінші орында тұр. 5 қарашада біздің команда қостанайлық «Тобылмен» сырт алаңда ойнайды, алайда ол матч турнир бойынша ештеңе өзгерте алмайды.

Айтпақшы, Еуропа лигасына түсуге аз ғана үміт бар. Қазір «Астана» мен «Қайратты» бір ғана ұпай бөліп тұр. «Астана» өз алаңында «Ақжайықпен» кездессе, «Қайрат» «Ақтөбемен» ойнайды. Егер «Қайрат» үш ұпай алып, «Астана» жеңе алмаса, ел чемпиондары болып алматылықтар танылады да, чемпиондар лигасына жолдама алады. Ал олармен Кубок финалында ойнаған «Атырау» Еуропа лигасында өнер көрсетпек. Міне, осындай сағым мүмкіндік бар.

Марат ТАКУЛИН 

Суреттерді түсірген автор

29 қазан 2017, 19:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.