Таеквондодан облыстың жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Сәуле САРДАРОВА (суретте) өз жұмысы туралы айтып берді.
«АЖ» анықтамасы:
Сардарова Сәуле Асылбекқызы, 35 жаста, ҚР халықаралық санаттағы спорт шебері, еліміздің 10 дүркін чемпионы, ҚР Кубогының 6 мәрте иегері, Азия чемпионаты мен Азия ойындарының жүлдегері, жоғары спорттық шеберлік мектебінің және БЖСМ-1 жаттықтырушысы, жаттықтырушылық өтілі 10 жыл.
- Менің тәрбиеленушілерім: Айгүл Елубай – жастар арасындағы ҚР 2 мәрте чемпионы, ҚР Кубогының 2 мәрті иегері, әлем және Азия чемпионаттарының қатысушысы; Айдана Еділбаева – кадеттер мен жастар арасындағы ҚР чемпионы, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы; Алмаз Меллатов – ҚР чемпионатының жүлдегері, Оңтүстік Корея және Ресейдегі халықаралық турнирлердің жүлдегері; Аягөз Нығметова - әйелдер арасындағы ҚР чемпионатының жүлдегері; Алина Дадекенова – биылғы Жастар ойынының жүлдегері. Менің шәкірттерім өте көп...
- Жаман емес. Сізге кім көмектеседі?
- Айсұлу Халамхалиева өте көп көмек көрсетеді. Ол шәкірттерімнің екінші жаттықтырушысы. Барлық сәттіліктер мен сәтсіздіктерді біз бірге қабылдаймыз.
Биыл жастардың құрамы Ақтауда өткен ҚР Жастар ойынында тамаша ойын көрсетті. Біздің шәкірттеріміз бір алтын, бір күміс және үш қоланы қанжығалады. Құраманың келесі жылға қойған басты мақсаты – жастар арасындағы ҚР чемионатында жақсы жетістікке жету. Алтын жүлде алып, әлем чемпионатына жолдамаға қол жеткізу керек.
Жастардың нәтижелеріне келсек, 2015 жылы Азия чемпионатында Айсұлу екеуміздің шәкіртіміз Сағдат Жолдасбаев қола жүлдегер болды, биыл осындай нәтижеге Жадыра Хайруллина да жетті. Жаттықтырушылық штабымыздың жоспарына сәйкес, Жазира - әлем чемпионатына қатысуға негізгі үміткер.
Тамыздың аяғында Алматыда ересектер арасында ҚР Кубогы өтті. Ол жерде Елубай, Еділбаева мен Нығметова сәйкесінше бірінші орыннан үшінші орынға дейін орналасты. Қараша айында Астанада өтетін ересектер арасындағы ел чемпионатында өзімізді жақсы ойын көрсетуді жоспарлап отырмыз. Ол жерде 2018 жылы өтетін Азия чемпионаты мен Азия ойындарына қатысу үшін іріктеу жүргізіледі. Ел чемпионатына Елубай, Еділбаева, Меллатов, Нығметова, Жолдасбаев қатысады.
Бізде балалар, кадеттер, жастар арасында ҚР чемпиондары бар. Алайда, ересектер арасында чемпиондарымыз жоқ. Күміс, қола жүлдегерлер болды, бірақ шәкірттерім алтынға жете қоймады. Астанадағы чемпионатта жасы үлкен тәрбиеленушілерімнің біреуі жарып шығады деп үміттенемін.
2018 жылдың ақпанында жастар арасында ҚР чемпионаты өтеді. Ол жерде де алтынға қол жеткізіп, лицензиялық турнирдің жолдамасын ұтып алу керек – жолдама Аргентинада өтетін әлем чемпионатына қатысуға құқық береді. Оңай болмайды, барлық спортшылардың арасынан лицензиялық турнирге тек үш жігіт пен үш қыз баланы іріктеп алады.
Болашақта ҚР жастар құрамасына қосылуға кадеттер арасындағы Азия чемпионатының жүлдегері Бекежан Аманжановтың, республикалық турнирлердің жеңімпазы Нұрай Хұсайынованың, ҚР чемпионатының жүлдегері Мерген Ғайниевтің мүмкіндіктері бар.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттер С.Сардарованың жеке мұрағатынан