22 қазанда «Атырау» сырт алаңда қызылордалық «Қайсармен» кездесті. Турнир кестесіндегі көрші командалар матч басында сүреңсіз ойын көрсетті, доп екі командада да тұрақтамай, көбіне алаң ортасында жүрді.
Атыраулықтардың ішінде әлсін-әлі оң қапталмен алға ұмтылған Эльдар ӘБДРАХМАНОВ көзге түсті, алайда оның әрекетіне әріптестері үн қата қоймады. Бірінші таймның соңына қарай 25 метрден доп тебуге жартылай қорғаушы Новица МАКСИМОВИЧ бел буды – онысы сәтті шықты, алаң иелерінің қақпашысы допты қайтара алмай, есеп «ақ-жасылдылардың» пайдасына 1:0 есебімен шешілді.
Екінші таймда «Атырау» футболшылары қонаққа келіп, есеп ашқан командаларға тән қателікке бой алдырды: олар аз ғана артықшылықтарын сақтап қалуға тырысып, өз қақпаларының маңында жүрді. Футболда мұндайдың қайтарымы міндетті түрде болады, бұл матчта да солай болды. Алаң иелері ойынды тұтастай бақылауларына алған соң шабуылдары қауіпті бола бастады, 54-минутта Владимир АРЖАНОВТЫҢ асыра лақтыраған добын «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Мақсат БАЙЖАНОВ қақпаның жоғары жағынан дәл түсірді – 1:1. Бұдан соң алаң иелерін тоқтату қиын болды. 62-минутта Аржанов командаласымен сол қапталда допты ойнатып, қақпаның алыс бұрышына топ ете түсірді – 2:1. Матчтың соңына қарай қонақтар қарсыластарына қысым көрсеткілері келгенмен, ештеңе шықпады, 86-минутта үшінші допты жіберіп алды: бұрыштама добынан соң «Атыраудың» қақпашысы Жасур НАЗАРКУЛОВ допты айып алаңынан шығарып жібергенмен, сол сәтте жетіп үлгерген Матиас КУРЬОР дәл соққы жасады. 90-минутта екінші рет гол салып, соңғы есепті орнатты – 4:1.
Ойсырай ұтылған «Атырау» 32 ұпаймен кестенің 8-қатарына орналасты. Келесі матчты командамыз 28 қазанда өз алаңында «Таразбен» ойнайды.
Марат ТАКУЛИН