Атырау, 22 қараша 19:02
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

«Біз қазақты әлемге әлдеқашан танытқанбыз!»

Бейнежазба
6 270 просмотра


Жақында Атырауда танымал «Дос-Мұқасан» ансамблі қонақта болды. «АЖ» сауалына ансамбльдің көркемдік жетекшісі  Мұрат ҚҰСАЙЫНОВ жауап беруге келісті және кейін біздің әңгімемізге ансамбль солисі Ақжол МЕЙІРБЕКОВ те қосылды.

 - Сіздердің ансамблдеріңіздің атын венгерлік студенттердің қойғаны рас па?

-Иә, ол рас. «Дос Мұқасан» ансамблі 1967 жылдың 1- тамызында құрылды. Біз ол кезде Алматыдағы политехникалық институттың студенттері едік. Сол жылы біз студенттік құрылыс отрядының құрамында болып, Павлодар облысының Баянауыл ауданында құрылыс жұмыстарына араластық. Бізбен бірге Будапешт қаласынан келген бір топ студенттер жұмыс істеді. 1- тамызда  құрылыс отрядының бүкілодақтық туған күні аталып өтті.  Дәл сол күні төрт жігіт концерт қойдық. Концертіміз біздің венгерлік достарымызға қатты  ұнаған болуы керек, олардың арасынан біреуі концерт соңында: «Сендердің ансамбльдеріңнің аты өздеріңнің есімдеріңнен құралып, «Дос-Мұқасан» болсын!» деді. Біз алғашқыда аң-таң болып түсінбей, венгерше сөз шығар деп ойладық. Сөйтсек: Дос – Досымның, Мұ – Мұраттың, Қа – Қамиттің, Сан – Саняның аттарының басқы буындары екен.

- Атыраудағы Ретро саябақтың ашылуына қатыстыңыздар. Ондағы  өздеріңізге арнап жасалған мүсінді композицияны қалай қабылдадыңыз?

- Иә, тірі кезінде жетістігі мойындалып, композиция орнатылған тұлғалар өте сирек. Бұған дейін Павлодарда болғанымызда, саябақта бізге арналған композицияның жанында суретке түсіп жатқан бірнеше адамдарды көріп, марқайып қалғанымыз бар.

- Сахнаға шығудан бас тартқан кездеріңіз болды ма?

- 90-шы жылдары халықтың әлеуметтік жағдайы барлық жерде қиын  болды. Сол жылдары соңғы концертімізді Қырғызстанда бердік. Байқағанымыз - халықтың концертке келетін қаражаты жоқ. Сондықтан ансамбльге өзінің жұмысын уақытша тоқтатуға тура келді, мен тек «Азия дауысы» секілді ән байқауларына қонақ ретінде қатысып жүрдім. Сол жылдары біздерге халықтан бума-бума хаттар келетін. Біз сонда, біз өмірден озсақ та, «Дос-Мұқасанның» тарихта қалатынын түсінген едік.

- Авторлық құқық туралы айтсаңыз. Қазір рұқсатсыз өзгенің шығармасын орындап, басы дауға қалып жатқан әншілер бар.   Сол кезде сіздер қандай әндерді орындаған едіңіздер?

- Бізде «Елу жылда- ел жаңа» деген жақсы сөз бар. Ансамбльдің құрылғанына елу жыл толды, бірақ біз әлі сахнада жүрміз. Сол жылдары біздер жарты жыл сайын әлемнің түрлі сахнасында өнер көрсеттік. Мемлекет үшін миллиондаған доллар қаржы таптық. Біз ол кезде қазақтың халық әндерін орындадық. Біздің тыңдармандарымыз ол әндерге қызығушылық танытып, олардың шығу тарихын білуге ұмтылды. Ал, қазіргі жастар сахнада көбіне түрік, өзбек, араб әндерін орындағанды жөн көреді.

Әңгімеге ансамбль солисі Ақжол МЕЙІРБЕКОВ те қосылды:

- Біз қазақ әндерін жанымызбен сүйгеннен кейін соған жұмыс істедік, әлі де қызмет етіп келеміз. Халық та, Үкімет те еңбегімізді бағалап, неше түрлі марапаттарды берді. Қазақ деген ұлы халықты және оның дәстүрлі әндері барын сол 70-шы жылдарда бүкіл әлем білді, таныды. Біздің мақсатымыз да сол болды. Ал қазір біреулер қазақ халқын әлемге Димаш ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ танытты деп жүр. Біз қазақты әлемге әлдеқашан танытып қойғанбыз!

- Иә, соңғы кездері «Мен жұлдызбын!» деп кеудесін соғатындар көбейіп кетті. Аспандағы жұлдыздан көрі, жердегі жұлдыздардың саны артты. Ал «Дос Мұқасан» өз- өзіне ешқашан жұлдыз деп баға бермеген. Бағаны беретін халық,- деп қостады Құсайынов.

- Қазір қандай жобамен айналысып жатырсыздар?

- Біздің мерейтойлық концертіміз жоғары деңгейде өтті, қазір аздап демалып алмақпыз. Себебі, жоспарымызда- Қазақстанның барлық облыстарын, сондай- ақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Ресейге барып концерт қою бар. Қытайға да барғымыз келеді.


Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

Фото және видео Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВТЫКІ

23 қазан 2017, 12:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.