Атырау, 17 мамыр 09:58
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Депутаттар жаңа заң жобасында министр мен әкімнің жауапкершілігін бекітті

2 761 просмотра


Мәжіліс депутаттары бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасында бюджет қаржысының игерілуі, бюджеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижелері болмағаны үшін бірінші басшының жауапкершілігін бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Заң жобасы бірінші оқылымда талқыланған кезде депутаттар бірқатар ескерту мен ұсыныс айтқан еді. Оның ішінде бюджет қаржысының игерілуі, бюджеттік бағдарламаның нәтижесі үшін бірінші басшының жауапкершілігі бекітілмегенін сынға алған болатын. Сонда бұл маңызды мәселеге әкім не министр емес, департамент, басқарма басшылары жауап береді.
"Қазіргі салық кодексінің 104- бабында егер бюджеттік бағдарлама игерілмесе және нәтиже бермесе, осы бюджеттік бағдарлама әкімшісінің бірінші басшысы жауап береді деп нақты көрсетілген. Ал қазіргі қаралып отырған заң жобасында министрлік тағайындаған бағдарлама басшысы жауап береді деп айқындалған. Осыны қалай түсінуге болады? Сонда бірінші басшы жауап бермейтін бола ма?", — деп сұраған еді депутат Жексенбай Дүйсебаев заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтен.

Заң жобасын талқылау барысында жұмыс тобына 100-ден астам ұсыныс келіп түскен. Құжатты жетілдіру мақсатында оған бірқатар түзету енгізілді. 

"Бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелеріне, оның ішінде бюджет қаражаты толық игерілген кезде түпкілікті нәтижеге қол жеткізбегені үшін бюджет бағдарламалары әкімшісінің бірінші басшысының жауаптылығын енгізу бойынша бюджет кодексінің 104, 113-баптарына өзгерістер енгізіліп, бірінші басшының жауапкершілігі енгізілді", — деді бүгін мәжілістің жалпы отырысында қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Омархан Өксікбаев. 

Бұдан бөлек, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздарын келісу тәртібі бойынша үкіметтің жауапкершілігі нақтыланған.

"Сонымен қатар жалпы отырыста көтерілген мәселелердің бірі бюджеттің тиімсіз орындалуына өлшем беру болатын. Бұл мәселе қызу талқылана келіп, күрделілігіне байланысты үкімет жанынан құрылатын жұмыс тобында талқыланады. Сессияның соңына дейін мәжіліске керекті түзетулер ұсынылатын болды", — деді Өксікбаев. 

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттар мен үкімет мүшелерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде маңызды мәселелер шешілгенін атап өтті. 

"Заң жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында депутаттар бірқатар ескерту мен ұсыныс айтты. Оның бәрін екінші оқылымға дейін пысықтау керек еді. Депутаттардың ұсыныстары толықтай қолдау тапты. Осылайша, депутаттық корпус пен үкіметтің өзара қарым-қатынасы бүгін осы мәселелерді шешуге мүмкіндік берді", — деді төраға.

Дереккөз: Sputnik Қазақстан

18 қазан 2017, 10:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.