
Көкшетаудағы «Қазпошта» АҚ бөлімшесін тонауға қатысты тың деректер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске сала кетейік, қазанның 3-і күні сағат 11:00-дерде Көкшетау қаласының іргесіндегі Застанционный кентінде белгісіз біреулер «Қазпошта» АҚ бөлімшесін тонаған болатын. Қарақшылар қолдарындағы ойыншық тапаншамен пошта қызметкерлерін қорқытып, кассадан 1 миллион теңгені үптеп кетті.
Осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 192-бабының 2-бөлімі бойынша (қарақшылық) қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер, облыс орталығының 25-30 жас аралығындағы екі тұрғыны қолға түсті.
«Күдіктілер 1988 және 1993 жылы туған ағайындылар. Үлкені осындай қылмысы үшін бұрын сотты болған. Күдіктілер әкелерімен бірге тұрған. Олар тонаған пошта бөлімшесінен әкелері тиісті зейнақысын алып отырған», деп түсіндірді ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі кезде, күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылып, тергеу амалдары одан әрі жалғасуда.
Дереккөз: ҚазАқпарат
В Атырау 0