Атырау, 23 желтоқсан 01:10
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 515.02
€ 604.22
₽ 6.50

ЕАЭО елдерінде қару тасымалдауға рұқсат беру рәсімі жеңілдетілмек

1 706 рет қаралды


ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы қызметтік және азаматтық қаруды өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Атап айтқанда, Келісімге 2016 жылғы 20 мамырда Ереван қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкімет басшылары қол қойды. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың атап өтуінше,  құжат заңды және жеке тұлғалардың қызметтік немесе азаматтық қаруды әкетуге немесе әкелуге, транзиттеуге, аң аулауға, спорттық шараларға, жөндеу мен бөлшектерді ауыстыруға рұқсат беруді көздейді. 

«Осы заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеліп соқтырмайды, сонымен қатар қосымша қаржы шығындарын қажет етпейді»,-деді министр. 

Еуразиялық экономикалық комиссиясы бекіткен жоспар бойынша Ішкі істер министрлігі заңды тұлғаларға қаруды сату үшін әкелуге немесе әкетуге, транзиттеуге, қаруды зерттеу мақсатында уақытша алып кетуге рұқсат береді. Ал ішкі істер департаменттері жеке тұлғаларға қарудың бір ғана данасын беруді, оны жөндеу үшін уақытша алып кетуге рұқсат етеді. 

Бұдан бұрын Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында аталған құжат аясында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше барлық мемлекеттерге тыйым салынған және сатуға шектеу қойылған азаматтық, қызметтік қарулар бар екені мәлім болды. Осы ретте тасымалдауға тыйым салынған 16 және рұқсат берілген 34 қарудың атауы бар. Тыйым салынғандар арасында қарумен қатар, оқ-дәрілер қамтылған. Осы орайда оқ-дәрілердің ішінде құрыш бұзар және жарқырағыш оқтарға шектеу ескерілген. 

Ал қару бойынша мылтық ұңғысының ұзындығы мен автоматты қару-жараққа шектеу бар. Келісім қызметтік және азаматтық қаруды өткізу мен оның ішкі транзитіне байланысты қатынастарды, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өкілетті органдары арасында осындай өткізу мен ішкі транзитті мемлекеттік бақылауға байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасауды реттеуге бағытталған. Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін нысан бойынша бірыңғай құжат негізінде міндетті рұқсат беру тәртібі белгіленген. Келісімді ратификациялау осы қару түрін ЕАЭО-ға қатысушы елдердің аумағында өткізуді оңайлатуға, нақты айтқанда қаруды әкелу және әкету үшін рұқсат беру құжаттарын беру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Дереккөз: ҚазАқпарат

5 қазан 2017, 10:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.