Атырау, 22 желтоқсан 08:31
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Ресейден алтынмен оралды

2 569 просмотра


«Атырау» волейбол командасы Ресейдің Владимир қаласында 18-ші рет өткен «Столица Руси» турнирінен алтын кубокпен оралды.

Атыраулық спортшылар бұл жарыста алғаш рет бақ сынап, турнирге қатысқан бес команданы - Ресейдің атақты «Динамо», «Подмосковье», «Медина атлетик» және Ярославль, Владимр қалаларының командаларын артта қалдырды.


- Бұл турнир Ресейдегі атақты турнирлерінің бірі. «Динамо» секілді мықты командаларға қарсы шығу оңай болмады. Біздің команда үшін бұл жарыс Қазақстан Кубогы және ҚР чемпионаты алдындағы тәжірибе жинақтау ойыны секілді болды. Былтырғы жылы ұлттық лига ойындарында атыраулықтар 4-ші орынға тұрақтады. Биылғы жылға үміт зор, медаль иегері атануға барымызды саламыз, - дейді команданың бас тренері Сергей ТРИКОЗ.

«Атырау» волейбол клубының директоры Болат ҚАБДРАХИЕВТЫҢ айтуынша, биыл Атырау құрамасы 60 пайызға өзгерген. Команда құрамында 4 атыраулықтан басқа, ақтөбеліктер, оралдықтар және Украина елінен келген екі легионер бар. Сонымен қатар ұлттық лигадағы ең мықты деген екі ойыншымен келісімшарт жасаған. Осы құраммен биылғы жылы да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізерімізге сенім мол.

Клуб директоры Атырауда волейболды дамытуға кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселелерді де жасырмады. Солардың бірі – жаттығу залдарының аздығы.

- Біздің меншігімізде тек қана бір зал бар – Нұрсаядағы спорт кешені. Онда үлкендер де, жастар да, волейбол академиясының кішкентай бүлдіршіндері де жаттығады. Ал кешкілік уақытта залда ардагерлер уақыт өткізеді. Бұл залдың барына да шүкір дейміз. Өйткені бұл кешен салынбай тұрып әр жерде шыныққанбыз, - дейді Болат Кабдрахимов. - Ал жарыстарымыз соңғы үлгіде салынған, Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-дің «Жайық» спорт кешенінде өтеді. Жастар құрамасының көбі осы университеттің түлектері. Тағы бір мәселе – қазіргі балалардың бойы кішкентай. Интернет, планшеттердің әсері баланың дамуына, спортқа деген қызығушылығын кемітуге әсерін тигізуде. Бәрінен бұрын осымен күресу керек. Әлсіз балалардың саны көбейіп келеді. Мысалы биыл жастар құрамасындағы ойыншылардың жасы 25-тен аспау керек деген шешім шығарды.

Ал әйелдер волейбол командасын құру туралы сұрағыма Қабдрахиев мырза «бұл әзірге жоспар түгіл ойда да жоқ екенін» айтады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суретті түсірген автор

21 қыркүйек 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.