Атырау, 27 қараша 01:25
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Mercedes моделі

Сурет
10 071 просмотра

Ол Германияның Mercedes Benz Fashion Week атты беделді сән апталығында подиумға Атыраудан алғаш шыққан жігіт. Танысып қойыңыз - Әділет КИМ. Бұл оның сахналық лақап аты, төлқұжат бойынша тегі Сағидолла.


- Өзім Ақтөбе тумасымын, бірнеше жыл бұрын отбасымызбен Атырауға көшіп келдік. Мұнайлы астанаға тез үйренісіп кеттік, өйткені бұл да батыс қой, - дейді Әділет.

- Сән бизнесіне қалай тап болдыңыз?

- Ақтөбеде болған кезімде бірде досым жергілікті «Бриллиант» сән агенттігіне кастингке шақырды. Мен де бағымды сынайын деп шештім. Кастингтен өту қиынға соқпады, қойылған басты талап – модельдің бойы 184 см, сыртқы келбеті тартымды болу керек екен. Сөйтіп мені қабылдады. Бір айдан кейін басқалармен – төрт жігіт және он қызбен бірге Астанаға «Kazakhstan Fashion Week» апталығына жіберді. Ол жақта түрлі агенттіктерден 40 жігіт болды, ал итальяндық «Grinko» топтамасын көрсету үшін бар болғаны 4 адам қажет еді. Сондықтан қатаң іріктеу жүргізілді. Мені ақтөбелік досыммен бірге және екі астаналық жігітті таңдап алды. Бұл менің алғашқы елеулі подиумым болды. 

Атырауда бауырым екеуміз event-агенттік ашып, тойларды ұйымдастырдық, балалар мерекесінде аниматорлар болып жұмыс жасадық. Бұл сондай қызықты әрі табысты кәсіп болатын. Бірақ сахна туралы ойдан арыла алмадым, сөйтіп өткен жылдың ақпанында Польшаға модельдер курсына кеттім. Ол жақта менің қабілетімді байқаған варшавалық агенттікпен өзімнің алғашқы келісімшартыма қол қойдым.

- Қазақ жігіті сән төрінде. «Жігіттерге сән көрсету ұят!» деген стереотиппен қалай күрестіңіз?

- Адамдар үстіртін ойлайды ғой. Әрине, еліміздің менталитеті мұндайды қабылдамайтынын түсінемін, бізде бұл индустрия өте нашар дамыған. Менің Еуропада жұмыс жасай бастауымның басты себептерінің бірі осы еді. Әрине, сән алуан түрлі болады ғой, жігіттерге барыңқырамайтын көрсетілімдер немесе фотосессиялар болып тұрады. Егер өзіңді қолайсыз сезінсең, бас тартуыңа болады. Жігіт модельдерге макияж жасағанды адамдар ұнатпай жатады, бірақ бұл жұмыс қой. Ал мен ешқашан бұдан ұялатындай ештеңе көрген емеспін. Менің отбасым да, достарым да үнемі маған қолдау көрсетіп отырды. Ал ең бастысы – отбасының қолдауы.

- Фотографтың алдында, көрермендердің алдында қобалжу, қысылу деген сезімдер болған шығар? Мұны қалай жеңдіңіз?

- Әрине, қобалжыдым да, сенімсіздік те болды. Оның үстіне, модельдің жұмысын үлкен психологиялық күйзеліс деуге болады. Кастингтерде түрлі талаптар болады, кейде оған сай келмей жатасың. Бастысы - әр тапсырыс берушінің немесе дизайнердің бұл тұрғыда өзіндік көрінісі бар екенін, оған сай келуің де, келмеуің де мүмкін екенін айқын түсіну керек. Кейде менен бас тартқан кездер болды, ондайда ұнжырғамды түсірмеуге тырысатынмын. Айна алдында көп жаттығып, қай қырынан көзқарасымның, жымиысымның жақсы болатынын іздейтінмін. Бірақ қалай болғанда да, бастысы - өзіңмен өзің боп қалу.

- Қазақстандық подиумнан әлемдік подиумға шығу қиын ба?

- Қазіргі кезде мүмкін емес дер едім. Осы уақыт ішінде мен Қазақстанда модельдерді шетелдерге шығарумен айналысатын агенттіктер бар екенін естіген жоқпын.

- Сіз әдетте фотосессияға қалай дайындаласыз?

- Модельдің тарапынан аса дайындық қажет емес, бір күн бұрын көп су ішпеген жөн. Ал сессия алдында бет әрлеушілер бет терісінің түсін теңдестіретін, жақ сүйектерін айқындайтын құралдар жағады.

- Сіз қандай танымал сән апталығына қатыстыңыз?

- Қазақстанда – жоғарыда айтып өткенімдей, Kazakhstan Fashion Week,  содан соң шетелде - Via-Moda Fashion day, Poland Fashion Week, Warsaw Street Fashion апталықтарына қатыстым. Ал ең керемет тәжірибем - Mercedes Benz Fashion Week болды. Германиядағы кастингтерде өте көп адамдар, үлкен бәсекелестік болды. Кей сәтте айналаңа қарап, таң қаласың. Мені әлдебір көрсетілімге алады-ау деген ойға сене қойған жоқпын, өйткені кастингтегі басқа жігіттер өте жақсы болатын. Бірақ мені алды.

- Сән әлемінде кімге жеңілірек, қыздарға ма, жігіттерге ме?

- Жұмыс тұрғысында жігіттерге сәл жеңілдеу деп ойлаймын, бірақ табыс табу жағынан қыздарға анағұрлым жақсы. Біріншіден, қыздар үшін көрсетілімдер көп, екіншіден, оларға көбірек төлейді. Ал екінші жағынан, оларда бәсекелестік те жоғары.

- Модель жігіттерге қойылатын талаптар қандай?

- Бойы 184 см-ден бастап, сыртқы келбеті өзгеше, жасы 23 жасқа дейін болуы тиіс, одан кейін бастау кеш болады. Әрине, дене бітімі шыныққан немесе жұқалтаң болуы тиіс. Қазір агенттік түрлі келбеттегі жігіттермен жұмыс істейді.

- Модельдің дене бітімі мен келбетін жақсы сақтай білудің қандай да болмасын құпиясы бар ма?

- Әр адамның өзіне күтім жасау тәсілдері мен өз рационы болады. Менің аса бір өзгеше әдісім жоқ. Әрине, бетке арналған кремдерді пайдалана аламын, спортпен айналысамын, бұлшық етімді шынықтырамын, өйткені сән әлемінде ер адамдарда шыныққан бұлшық ет болған жақсы.

- Болашаққа жоспарыңыз қандай?

- Екі ай бұрын Қытайдан оралдым, жарты жыл Шанхайда модель боп жұмыс жасадым. Қазір Астанадамын, білімімді жетілдірудемін. Модель болу қызықты әрі табысты, бірақ бұл қысқа мерзімді жұмыс. Шетелде жұмыс жасауды жалғастырамын ба, жоқ па, қазір айту қиындау. Егер жақсы ұсыныс түсіп жатса, барамын.

- Ал тіл біліміңіз қандай?

- Жаман емес. Қазақ, ағылшын, орыс тілінен бөлек, польша, чех және қытай тілдерінде сөйлей аламын. Бұл кастингтер мен көрсетілімдерде көп көмектеседі. Бірақ өзімді полиглотпын деп есептемеймін.

- Егер құпия болмаса, подиумдағы табысыңыз қандай?

- Бұл туралы айта алмаймын, бірақ жарнама түскен түсірілімде сән көрсетілімінен көп алатынымызды айтқым келеді. Оған қоса, табысымыз көрсетілім өтіп жатқан елге байланысты болады: мәселен, Прагаға қарағанда Парижде, Миланда, Лондонда көбірек табыс табамыз. Келісімшарт бойынша табыстың бір бөлігі сән агенттігіне тиесілі.

- Келісімшартта жеке өмірге қатысты, мәселен, үйленуге шектеулер қойылған ба?

- Ондай шектеулер жоқ. Жақын арада үйлену жоспарымда жоқ, бәлкім, бес жылдан кейін болатын шығар.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттер Әділет Кимнің жеке мұрағатынан алынды

18 қыркүйек 2017, 15:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.