Атырау облыстық әділет департаменті режиссер әрі продюсер Тимур Бекмамбетовтің «Елки» кинофильмінің контрафактілік дискілерін заңсыз сату туралы арызы бойынша тексеру жүргізуде.
Танымал фильм жазылған пираттық дискілер бүкіл елде сатылып жатыр, бұл оны түсірушілерге қаржылай залал келтіруде. Өз құқықтарын қорғау үшін Тимур Бекмамбетов ҚР Әділет министрлігіне арыз берген еді. Осы арыз бойынша Қазақстанның барлық аймақтарында тексеру жүргізілуде. Өткен дүйсенбі күні әділет департаменті мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері Атырау базарлары мен дүкендері бойынша біріккен рейд жүргізуді бастады. «Авторлық және аралас құқықты қорғауға көп назар аударылуда. Қазір Қазақстанда осы мәселелермен айналысатын үш қоғамдық бірлестіктер жұмыс жасауда», - дейді облыстық әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы жөніндегі бөлім бастығы Мәди МҰХСАНОВ. Осылайша, оның айтуынша, таяуда республикалық «Қазақ әндерінің орындаушылары» қоғамдық бірлестігінің арызы бойынша бірнеше мейманханаларға тексеру жүргізіліп, оның екеуінде заң бұзушылықтар анықталған. «Алматы» және «Ақ Жайық» қонақ үйлерінде орнатылған теледидар экрандарында музыкалық арналар жіберіліп жатты. Ал авторлармен, орындаушылармен немесе олардың өкілдерімен тиісті келісім-шарт жасалмаса, музыкалық шығармалардың көпшілік алдында орындалуына тыйым салынған», - дейді М.Мұхсанов. Әділет департаменті мейманханаларды сотқа берген. Нәтижесінде оларға 50 және 10 АЕК көлемінде әкімшілік құқық бұзғаны үшін айыппұлдар төлеуге тура келген.
Зульфия ИСКАЛИЕВА