ПАРАДЗЮДО
Атырауда парадзюдодан «Қазақстан Гран-приі 2017» халықаралық турнирі өтті. Оған қазақстандықтардан бөлек жеті елдің (АҚШ, Корея Республикасы, Грузия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан) спортшылары қатысты.
Турнирде екі алтын, үш күміс және төрт қола медаль иеленген қазақстандық спортшылар сәтті өнер көрсетті. Турнир жеңімпазының бірі – атыраулық Әнуар Сәриев. Атыраулық тағы екі дзюдошы Теміржан Дәулет пен Ғалымжан Махметов күміс медаль тақты.
- Ақтық сайыста менің қарсыласым АҚШ-тан келген мықты спортшы болды, ол өз елінің чемпионы, - дейді Ә.Сәриев. – Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Ендігі жұмысым – түрлі турнирлерде 2020 жылы Токиода өтетін Паралимпиада ойындарына қатысуға қажетті ұпайлар жинау.
Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ
Суретті түсірген автор
***
ХОККЕЙ
ҚР чемпионатының бірінші турында «Бейбарыс» хоккей командасы екі матчта жеңіске жеткені үшін 6 ұпайға ие болды.
«Мәмлүктер» Өскеменде жергілікті «Алтай-Торпедо» командасына қарсы ойнады. Бірінші матчтың басында қонақтардың ойыншысы Анатолий Васильев есеп ашса, кейін айдын иелері есепті теңестіріп кетті, жеңіс шайбасын «Бейбарыс» ойыншысы Дмитрий Степанов салды – 2:1.
Екінші матчта «Бейбарыс» 4:1 есебімен тағы да жеңісті тойлады. Қонақтар қатарында Максим Шарифьянов, Виталий Смольянинов және екі рет Евгений Чемерилов көзге түсті.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ