
Бүгін Ақордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға сапармен келген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды қабылдағаннан кейін мемлекет басшылары екіжақты кездесу өткізді деп xабарлайды Қазақпарат агенттігі.
Назарбаев соңғы ширек ғасырдың ішінде Қазақстан мен Түркия арасында достық қарым-қатынас қалыптасып, экономикалық, мәдени байланыстарды нығайтуға көп жұмыс атқарылғанын айтқан.
"Біздің өңірімізде өз проблемамыз бар, сізде де бар. Соның барлығын кеңінен талқылап ақылдасуға бүгін мүмкіндігіміз бар. Сіз бен Путиннің сұрауымен Сирия мәселесі бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 14-інде (қыркүйек) тағы бір кездесу болады", - деген Назарбаев.
Ердоған аймақтық шиеленістерді шешуде Назарбаевтың еңбегін ризашылықпен атап өткен.
"Сирия мәселесі бойынша Астана келіссөздері өте маңызды. Біраз жұмыстар аяқталды деп естігенмін. Енді, нақты бір нәтижеге келу керек. Құдай қаласа, осы қадамдардың жемісін Астанада көреміз. Осылайша, Женева процесі де жеңілдей түседі деп сенемін", - деген Ердоған.
Түркия президенті үш күндік сапармен Қазақстанға жұма күні кешкісін келген. Ол Астанада жексенбіде басталатын Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне қатысады деп хабарланған.
Дереккөз: Азаттық
В Атырау 0