Атырау, 22 желтоқсан 15:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Мемлекет дәрі-дәрмекті қалай арзандатады

1 740 рет қаралды


Қазақстанда дәрі-дәрмектердің шекті бағасын енгізу туралы заң жобасы дайындалды. Жақын арада оны Үкіметтің қарауына шығару жоспарланған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің өкілі Арнұр Нұртаевтың айтуынша, бүгінде кейбір дәріxаналар бағаның үстемесін 200-300 пайызға дейін көтеріп жатады. Оны министрлік те жақсы біледі. Сол себепті жаңа заңның аясында дәрі-дәрмектердің көтерме және бөлшек саудасына шекті бағаны енгізуді көздейді. 

"Аталған шара қалай іске асады? Біріншіден, дәрі-дәрмекті шығарушы кәсіпорындар өз бағаларын тіркейді. Бұл дегеніміз, зауыт әрбір препараттың бағасын ашық көрсетеді. Екіншіден, кәсіпорындар бөлшек сауданың бағасын, яғни дәрі-дәрмектің xалыққа жеткен кездегі бағаны тіркейді. Оның ішінде тасымалдау, кедендік рәсімдер, сапаны тексеру мен маркетингке кеткен шығындар кіретін болады. Осы ақпараттардың негізінде көтерме және бөлшек сауданың шекті бағасы бекітіледі. Одан жоғары көтеруге тыйым салынады. Төмен түсіруге болады. Ал одан жоғары көтеруге рұқсат жоқ", - деді Нұртаев бүгін Астанада дәрі-дәрмектерді ұтымды пайдалануға арналған xалықаралық конференцияда. 

Комитет өкілінің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде дәрі-дәрмектердің шекті бағасын орнатуға арналған заң жобасы басқа мемлекеттік органдардың қарауына жіберілді. Жақын арада аталған құжатты Үкіметке таныстыру жоспарланып отыр. 

Айта кеткен жөн, қазіргі кезде республика бойынша 10 мың дәріxана бар. Олардың барлығы дәрі-дәрмектің 8 мыңнан астам түрін сатып жатыр.

Дереккөз: ҚазАқпарат


8 қыркүйек 2017, 10:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.