
ЕАЭО бойынша ет бағасының ең жоғарғы өсімі Қазақстанда тіркелген. Жарты жыл ішінде Қазақстан Республикасында ет бағасы 6,1 пайызға қымбаттады, деп жазады ranking.kz.
Салыстырмалы түрде қарасақ, қаңтар-маусым айларында Армениядағы ет бағасы 3,7%, Қырғызстанда 3,2%, Ресейде небәрі 0,1%-ға артқан. Ал, Беларусьте биылғы жылы керісінше ет бағасы 2 пайызға арзандады. Қазақстан ет бағасының қымбаттауы бойынша аталған рейтингте екінші жыл қатарынан көш бастап тұр.
2017 жылдың бірінші жартысында қазақстандық салалық кәсіпорындар 450,3 мың тонна ет өндірді. Соның өзінде ішкі нарықтағы ет сатылымы бірден 32,7 мың тоннаға (+6,8%) көтеріліп, биылғы жылдың алты айында 510,5 мың тоннаны құрады. Мұндай сұранысты өтеу үшін импорттаушылардың ет жеткізілімін 15,3%, яғни 63,9 мың тоннаға дейін арттырып, басқа елдерге экспорттауды 36,6%, сәйкесінше 3,6 мың тоннаға дейін қысқартуына тура келді.
Тамыз айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы ет бағасының ең жоғарғы көрсеткіші Астанада тіркелген. Елордада сиыр етінің келісі 1 641 теңге, бұл республика бойынша орта есептік бағадан 17,2 пайызға қымбат. Сонымен қатар, Астанада қой еті ( келісіне 1 750 теңге, орташа республикалық деңгейден 26,3% жоғары) және жылқы еті (1 785 теңге, орташа республикалық деңгейден 14,9% жоғары) қымбат.
Дереккөз: ҚазАқпарат
В Атырау 0