ЕСКЕКШІЛЕР ТУРНИРІ
30 тамызда байдарка мен каноэде есу бойынша қалалық турнир бастау алды.
Қыздар арасында 500 және 200 метр қашықтықта бірінші орынды Баялы Сания жеңіп алды.
2003 жылы туған және одан кіші жастағы ұлдар арасында 1000, 500 және 200 метр қашықтықта бірінші орынға Бакиров Никита ие болды. Николай Чировқа 2001 жылғы санат бойынша 1000, 500 және 200 метр қашықтықта үш жүлделі бірінші орын бұйырды. 2000 жылы туғандар мен одан үлкендер санатында бірінші орынды 1000 және 200 метр қашықтықта Бакиров Андрей, ал, 500 метр қашықтықта Эдуард Щелоков жеңіп алды. Жеке дара сайыс қорытындысы бойынша қатысушыларды 3 командаға бөліп, аралас эстафета ұйымдастырды.
Анастасия АЛЮШИНА
Суретті түсірген автор
***
САМБО
Мұз сарайында ҚР полициясына 25 жыл толуына орай самбодан ІІМ-нің ашық чемпионаты өтті.
Атыраулық полицейлер сәтті өнер көрсетті: «алтын» - Жандос Иманбаев (68 келіге дейін), «күміс» - Нұрболат Ыстыбаев (68 келіге дейін) және Аманбек Аруов (74 келіге дейін), «қола» - Серік Ерғазиев (82 келіге дейін). Командалық есепте бірінші орынды Шығыс Қазақстан облысының ІІД иеленді.
***
Оңтүстік Кореяның Тонхэ қаласында дәстүрлі Халықаралық самбо федерациясы президентінің Кубогы өтті. ҚР құрамасының қатарында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қайырберді Айдынбай алтын медальға ие болды. Финалда ол жапон самбошысы Дженки Бабойдан басым түсті. Қайырберді БЖСМ-1-де облыстың бас жаттықтырушысы Қайрат Досқалиевте жаттығады.
***
ХОККЕЙ
Облыстық «Бейбарыс» хоккей командасы Қазақстан Кубогы финалында петропавлдық «Құлагерге» 2:3 есебімен есе жіберіп алды.
Матч Көкшетауда өтті. Есепті 13-минутта солтүстіктегі қарсыластарымыз ашып, бірінші кезеңнің соңына дейін есепті екі еселеп үлгерді. Екінші кезеңнің басында «мәмлүк» Максим Худяков бір шайбаның есесін қайтарса, матчтың соңғы минуттарында оның командаласы Вячеслав Трясунов есепті теңестірді. Ойын овертаймға жалғасып, қосымша уақыттағы екінші минутта «Құлагер» шешуші голды салып кетті.
3-орын үшін өткен матчта павлодарлық «Ертіс» жергілікті «Арлан» командасынан үстем болды.
Кубоктың үздік көздеушісі болып «Бейбарыстың» ойыншысы Виталий Смольянинов танылды – оның соққыларының 42,28% қақпаға дарыды.
***
ҚР хоккей федерациясы 2017-2018 жж. маусымның Жоғары лига командалары арасындағы ел чемпионатының бірінші кезеңінің күнтізбесін жариялады.
Турнирге былтырғыдай 10 команда қатысады. 9 қыркүйекте өтетін 1-турда «Бейбарыс» сырт алаңда «Алтай-Торпедомен» (Өскемен) ойнайтын болады. Өз алаңындағы бірінші матч 6 қазанға жоспарланған. Жаңа жылға дейін «мәмлүктер» 34 матч ойнайды, оның 16-сын өз алаңында өткізбек. 16-25 желтоқсанда қатарынан 6 матчты «Бейбарыс» өз мұз айдынында ойнайды. Бұл күндері «Астана», «Горняк» және «Алматы» командаларымен ең қызықты ойындар күтіп тұр.
***
ТАЕКВОНДО
Облыс құрамасы Алматы өткен ҚР Кубогында сәтті өнер көрсетті.
Айгүл Елубай (73 келіге дейін) мен Үмбет Шәкиев (87 келіге дейін) «алтын» алса, «күміс» Айдана Еділбаеваға (46 келіге дейін), «қола» Бексұлтан Латифқа (63 келіге дейін), Аягөз Ниғметоваға (73 келіге дейін) және Майра Сүйенбековаға (73 келіден жоғары) бұйырды. Пумсада (формальды кешен) күміс және қола медальдарды сәйкесінше Айдана Махимова мен Фархат Қаржауов иеленді. Спортшыларды Әнуарбек Аманқұлов, Сәуле Сардарова мен Ерлан Алагөзов жаттықтырады.
***
ЖҮГІРУ
28 тамызда ЕХРО-да Қазақстандағы Кения күні атап өтілді. Бағдарламаға енген 4 шақырымға жаппай жүгіруге 400 адам, соның ішінде Атырау мұнай және газ университетінің профессоры Асқар Қазиев пен оның ұлы, «Дарын» мектебінің оқытушысы Әлібек қатысты. Екеуі де қатысушылар сертификаты мен спорттық киімдерге ие болды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ