Атырау, 23 желтоқсан 06:16
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 515.02
€ 604.22
₽ 6.50

Журналист Жанболат Мамайдың соты басталды

3 029 рет қаралды


Алматының Медеу аудандық №2 сотында «Трибуна. Саяси қалам» газетін басқарған журналист Жанболат Мамайға қатысты алғашқы сот тыңдауы өтті. Оған қылмыстық кодекстің 193-бабы бойынша «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлiктi заңдастыру» айыбы тағылған. Сотта адвокат Жанар Балғабаева бірнеше өтініш жасап, судья оларды ішінара қанағаттандырды.

28 жастағы Жанболат Мамайдың сотына деген қоғам тарапынан қызығушылық басым екені аңғарылады, өйткені, сот тыңдауына келген жұрттың қарасы мол болды.

Медеу аудандық №2 сотында басталған процеске Жанболат Мамайдың әке-шешесі, жұбайы Инга Иманбай, саясаткерлерлер Төлеген Жүкеев, Әміржан Қосанов, жазушы Қабдеш Жұмаділов, журналист Ермұрат Бапи сияқты бас-аяғы 50 шақты адам келді. Сот ғимаратына кірер жерде адамдар полиция өкілдерімен сөзге келіп, айқай-шу көтерілді. Сот қызметкерлері жұртты сабырға шақырып, зорға тыныштандырды. Алдын-ала айтылған ақпарат бойынша отырыс ашық өткенімен, сот залы шағын болғандықтан, жиналғандардың барлығы сотқа кіре алмады. Судья Дәурен Мәукеев сотта судья мен прокурорды суретке түсіруге рұқсат бермеді, ал сотталушы мен оның адвокаттарын суретке түсіруге тыйым салған жоқ.

Адвокаттар айтқан екінші өтініш қамауда 10 ақпаннан бері, алты айдан астам уақыт отырған Жанболат Мамайды денсаулығының нашарлауына байланысты қамаудан босату туралы болды. Адвокаттар Мамайдың алдағы сот отырыстарына уақытында келуіне, рұқсатсыз ешқайда кетпеуіне жазушы Қабдеш Жұмаділов, саясаткер Серікболсын Әбділдин мен мәдениеттанушы Мұрат Әуезов кепіл болатынын мәлімдеді. Прокурор Баймағамбетов «адвокаттар айтқан мекен-жайда Жанболат Мамайдың қауіпсіздігіне кепіл жоқ» деп, қарсылық білдірді. Судья да прокурор пікірін қостап, журналисті қамаудан босатпады.

Судья Дәурен Мәукеев келесі сот отырысын адвокаттармен ақылдаса келе тамыздың 18-і (жұма) сағат күндізгі 11-ге белгілеп, бүгінгі алдын-ала тыңдаудың аяқталғанын мәлімдеді.

Прокурорлардың пікірін білу мүмкін болмады.

"Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы болған, 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылы ақпанның 10-ы сот шешімімен екі айға қамалған. Тергеу тарабы "2009 жылдан бері Еуропада жүрген бұрынғы банкир және оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов БТА банкінен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін Мамай басқаратын "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деп күдіктенеді. Журналист бұл айыпты мойындамайды. Ал Мұхтар Әблязов бұл айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.




Дереккөз: azattyq.org


14 тамыз 2017, 15:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.