ХОККЕЙ
«Бейбарыс» хоккей командасы жаңа маусымға дайындық шеңберінде Белоруссияның Гродно қаласында өткен Социалистік Еңбек Ері Александр Дубконы еске алуға арналған ХІІІ халықаралық турнирге қатысты.
Оның бәсекелестері - белоруссиялық «Шахтер» (Солигорск) мен «Неман» (Гродно) командалары, сонымен қатар, «Динамо» (Санкт-Петербург) командасы. Нәтижесінде қызықты нәтиже алынды: үш команда «Бейбарыс», «Динамо» және «Шахтёр» қатарынан 6 ұпайдан иеленді. Алайда қосымша көрсеткіштер бойынша динамолықтар 1-орынға шықты. «Бейбарыстың» бас бапкері Александр Истоминнің айтуынша, биыл команда құрамы 60 пайызға жаңарған. Қуанышты жайт – құрамға жергілікті ойыншы Айдын Хапыштаев алынды.
Н.НҰҒЫМАНОВ
РЕЙТИНГТЕР
60 келіге дейінгі салмақта сайысқа шыққан атыраулық Әнуар Сариев халықаралық дзюдошылар рейтингінде (IBSA) 540 баллмен Шерзот Намозов (Өзбекистан) пен Макото Хиросэден кейін (Жапония) үшінші орынға шықты.
Рейтинг жасау кезінде 2015 жылдан бастап осы күнге дейінгі спорттық сайыстар ескерілді. Әнуар Бразилияда, Корея Республикасында және Венгрияда өткен беделді халықаралық турнирдердегі мықты нәтижелерінің арқасында осылайша жоғары орынға көтерілді.
Н.НҰҒЫМАНОВ
ДЗЮДО
Тайвандық Тайбэй қаласында 19-30 тамызда өтетін Дүниежүзілік жазғы универсиадада қазақстандық 15 дзюдошының арасында Х.Досмұхамедов атындағы АМУ студенті Сұңғат Закарьяев да болады.
Қазақстан Республикасының чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сайысады. Жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Аманбай Қыздарбаевтың айтуынша, қазір Сұңғат ұлттық құраманың басқа мүшелерімен бірге жаттығу жиындарынан өтуде.
Н.НҰҒЫМАНОВ