Польшаның Вроцлав қаласында өткен Х дүниежүзілік ойындарда атыраулық муай-тайшы Еламан САЯСАТОВ (суретте) Қазақстанға алтын медаль сыйлады. Біз жоғары жетістікке жеткен 19 жастағы спортшымен кездескен едік.
- Менің бапкерім әрі өмірдегі тәлімгерім Доссордағы тәжірибелі жаттықтырушы Мейрам ГАЛИЕВ. Ол жерде мықты муай-тай мектебі дамыған. Жеңістің төрінде жүргенім де сол кісінің еңбегі деп айта аламын. Кейде жаттығудан шаршап келіп, келесі күні спорт залға бармай қалған кездерімде Мейрам Галиев екі үш айға үйіне алып кетіп жаттықтыратын. Оның үмітін ақтағаныма қуаныштымын.
- Неге олимпиадалық түр емес, муай-тайды таңдадыңыз?
- Өйткені, муай-тай барлық спорттың түрін қамти алады. Қолмен, аяқпен, шынтақпен, тізені де пайдаланып, күрес, бокс секілді төбелес амалдарының бәрін қолдана аласың. Бұл нағыз спорт. Бірнеше мемлекетке бардым. Нәтижесінде өз салмағымдағы көптеген спортшылармен таныстым. Олармен рингте айқасқанмен өмірде сыйлас болып қаламыз.
- Жыл аяғына дейін тағы қандай турнирлер болады?
- Қыркүйек айында Түркменстанның Ашхабад қаласында Азия біріншілігі болады. Сол жарысқа баратын Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында бармын. Қазір әзірлік жұмыстары жүріп жатыр.
- Ал спорттан тыс кезде немен айналысасыз?
- Жақсы білім алуға тырысамын, өйткені өмір бойына спортпен айналыспаймын ғой. Биыл Қатира Дүтбаева атындағы педагогикалық колледжін тәмамдап, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне оқуға тапсырып жатырмын.
- Бүгінгі жеңіс не береді?
- Жеңіс - үлкен еңбекпен келетінін тағы да есіме салды. Өйткені менің осы жарысқа дайындығым өте жақсы болған. Осы жарыста былтырғы әлем біріншілігінде чемпион атанған Тайланд елінің спортшысын Испания жеңіп алған еді. Ал, мен жарысымның ақтық сынында сол испаниялықпен кездесіп, ұтып алдым. Бәрі де бапқа байланысты.
Муай-тай федерациясының Атырау облысы бойынша тете-президенті Айбат РАХМАН:
- Бұл жеңіс Атырауға емес Қазақстан үшін мақтаныш. Бұған дейін әлем чемпионаттарында жүлделі орынға іліккенімізбен соңғы жеті жылдың ішінде алып тұрған бірінші алтынымыз. Енді Еламан «спорт шебері» халықаралық атағын алады.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ. Дүниежүзілік ойындар – Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізілмеген спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық жарыс. Әрбір 4 жыл сайын Олимпиада секілді өткізіліп тұрады. Вроцлавта 37 спорт түрі бойынша 111 елдің 3500-ден астам өкілдері жарысты.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор