
ШЫМКЕНТ.ҚазАқпарат - Тоқтар Төлешовтің тәркіленген көліктері бүгін электрондық сатылымға шығарылды. Rolls-Royce пен Bentley маркалы автокөліктерді бүгінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті gosreestr.kz сайтына сатуға қойып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Аталған сайттың электрондық сауда алаңына сотталған Төлешовтің төрт көлігі шығарылып отыр. Олардың қатарында: 1992 жылғы Mitsubishi GT, 2005 жылғы Rolls-Royce, Bentley мен жол таңдамайтын 2006 жылғы GMC көліктері бар. Мәселен, Mitsubishi GT бастапқы бағасы 1 083 мың теңге болса, аукционға қатысу үшін бастапқы кепіл жарнасы - 162 450 теңге болып белгіленген.
Ал, Bentley көлігінің бастапқы бағасы 13 703 000 теңге болып тұр. Саудаға қатысқысы келетін адам алдымен 2 055 450 теңге төлеуі тиіс. Rolls-Royce көлігінің бағасы 40 150 000 теңгеден басталады. Бастапқы кепіл жарнасы 6 022 500 теңгені құраған. Жол талғамайтын GMC көлігінің алғашқы бағасы 6 527 000 теңге болса, электронды саудаға қатысу үшін - 979 050 теңге төлеу қажет.
Айта кетейік, сот үкімімен тәркіленген көліктер бұған дейін мемлекеттік немесе заңды тұлғалардың қарамағына өтуі тиіс болған. Алайда қос тараптан да қызығушылық болмаған соң, электрондық сатылымға шығарылып отыр. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті қарамағында бұрынғы сыра зауыты қожайынының тағы тоғыз көлігі бар. Оларға да мемлекеттік немесе заңды тұлғалардан сұраныс болмаса, осылай сатылымға қойылуы мүмкін.
Еске салайық, Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған əскери соты «Шымкентсыра» зауытының бұрынғы басшысы Тоқтар Төлешовті 21 жылға соттай отырып, оның 30 ірі қара мал (оның 11-і асыл тұқымды), екі түйе, Түркістан мен Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан жер телімдері; «Митцубиси», «Тойота», «Бентли», «Шевроле», «Тойота Ланд Крузер 200», BMW, «Мерседес» маркалы көліктері, «Шевролет» маркалы тоғыз көлік, «Порш Кайен», «Тойота Камри», Vw Passat, «Тойота Прадо», «Инфинити», «Тойота Камри» машиналары мен 2011 жылғы Rolls-Royce пен 2015 жылғы Лексус-250 көлігін тəркілеген болатын. Сондай-ақ зергерлік бұйымдар жасайтын 22 нысан мен Төлешовтің төрт әйелінің банк карталарындағы ақша, 183 дана зергерлік əшекей бұйымдары да мемлекет пайдасына өткен еді.
Дереккөз: inform.kz
В Атырау -11