Атырау, 25 желтоқсан 04:05
 бұлттыВ Атырау -11
$ 511.00
€ 602.72
₽ 6.49

Халықты дүрліктірген жер кодексі парламенттің қарауына жетті

3 434 рет қаралды


Халықты дүрліктіріп, президенттің өзі мораторий жариялаған жер кодексі парламенттің қарауына жетті. Заң жобасына енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар бұған дейін арнайы құрылған жұмыс тобында қаралған еді. Алайда, жұмыс тобында мүше болған қоғамдық белсенділер басты талабымыз ескерусіз қалды деп отыр.

Президент жер кодексіне қатысты мораторийді 2021 жылдың соңына дейін ұзартқанынан бері 1 жыл өтіпті. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев, елді алаңдатқан 12 мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқаруды үкіметке қадап тапсырған болатын. Оның ішінде бір тұлғаға берілетін жердің шекті мөлшеріне қатысты бағыт бойынша әдістеме дайындалып жатыр екен.

ЕРКЕБҰЛАН ДАУЫЛБАЕВ, ҚР АШМ Жер ресуртастарын басқару комитеті төрағасының орынбасары:

–  1 азаматқа немесе 1 тұлғаға, заңды болсын жеке болсын, берілетін жер мөлшерін анықтау. Бұрын бұл шекті мән болмаған. Қазіргі уақытта жерлерді тиімді пайдаланудың соңғы озық әдістемелерін ескере отырып, осы мәселені қолға алу.

Осы және өзге де өзгертулерді парламент жанында құрылған жұмыс тобында талқылаған қоғам белсенділері ең басты талабымыз ескерілмей қалды дейді.

МҰХТАР ТАЙЖАН, қоғам белсендісі:

–  Депутаттар ашық кадастрға қарсы болып отыр. Өкінішке орай бірінші қатарда қарсы болып отырған - коммунистер.

Депутаттар мен үкімет өкілдері кімнің қанша жері бар екенін жалпақ жұртқа жариялау - жеке бас деректері туралы заңға қайшы дейтін көрінеді. Алайда қоғам белсенділері, жер кодексінің жаңа нұсқасында жерді иемденуге арналған байқау ашық өтетіндігі ешкімнің қаперіне кірмейді дейді.

МҰХТАР ТАЙЖАН, қоғам белсендісі:

–  Жер ашық түрде беріледі амандық болса. Конкурста кім жеңді - ақпарат ашық болады. Бердік жерді иа мысалы. Бірақ сосын бұл ақпаратты біз жауып тастауымыз керек пе құпия қылып? Логикалық тұрғыдан күлкілі нәрсе ғой. Мұны депутаттар түсінбей жатыр.

Айта кетерлігі, президенттің тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылық жерлерін түгендеу барысында 7 жарым миллиондай жер қаралып, оның төрттен бірі игерусіз жатқаны анықталыпты.

ЖАНАР ҚАРЖАНОВА, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті басқармасының басшысы:

– Иесі бар, бірақ дұрыс игермеген + 1 миллион 600 мың жердің игерілуін биыл заңды сотқа беріп, мәжбүрлеп алу бойынша жұмыстар атқарылуда.

БАҚЫТНҰР ӘЛІБАЙ, тілші:

- 5 жылға белгіленген мораторий шеңберінде барлық аймақтағы жерлер тексеріліп, құнарлылығы да бағаланбақ. Ал, бұл жұмыстарды жүргізу үшін тиісті заң жобасын осы жылдың соңына дейін қабылдау қажет. Демалыста жүрген депутаттар жұмысқа шыққан соң осымен айналыспақ. Әзірге, ашық кадастр мәселесі ашық күйінде қала беретін сыңайлы.

8 тамыз 2017, 11:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.