Атырау, 22 желтоқсан 05:22
 бұлттыВ Атырау -1
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Жампозовтың ұлы әкесіне қарсы істі тоқтатуға қарсылық білдірді

1 779 рет қаралды

"Өзін-өзі атып өлтірді" делінген Өмірбек Жампозовтың ұлы Асылжан Жампозов. Астана, 31 шілде 2017 жыл.
Ақмола облысының Целиноград аудандық сотында Преображенское су торабын жөндеу жұмыстарына бөлінген 640 миллион теңгені жымқыру айыбы бойынша іс қайта қарала бастады деп хабарлады Азаттық тілшісі.

"Ақша жымқыру" айыбы бойынша алты адам күдікті болған. Солардың бірі 61 жастағы Өмірбек Жампозов 20 шілдеде Целиноград аудандық прокуратурасының ғимаратына шабуыл жасап, құқық қорғау органдары қызметкерлерін жарақаттаған. Кейін ол өз-өзін атып өлтірген.

Сотқа Өмірбек Жампозовтың ресми өкілі ретінде енді оның ұлы Асылжан Жампозов қатысатын болды. Бұған дейінгі сотта судья адвокат Бақыт Қайыржановтан қылмыстық істің Өмірбек Жампозовқа қатысты эпизодтарын жабуды ұсынған болатын. Бірақ бүгін сотта Асылжан Жампозов істің әкесіне қатысты эпизодтарын қарауды тоқтатуға қарсылық танытты. Ол әкесінің өліміне байланысты оған қарсы істі тоқтату әкесін ақтамайтынын айтты. Оның пікірінше, әкесі "кінәсіз болғандықтан өз-өзін атып өлтірген".

Асылжан Жампозов пен бұл іс бойынша Жампозовтың өлімінен кейін жаңа тағайындалған прокурор Айымгүл Жаманбалина өздеріне іспен танысуға уақыт беруді сұрады. Судья Төлеген Тұрғынбаев оны қанағаттандырып, істі қарауды 9 тамыз күні сағат 9-ға қалдырды.

Бұл іс бойынша жәбірленуші тарап ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері сотқа келген жоқ.

Прокуратураның мәліметінше, Өмірбек Жампозов ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетіне қарасты "Қазсушар" кәсіпорнының директоры болып тұрған кезде, басқа лауазымды тұлғалармен бірігіп, Преображенское су торабының реконструкциясына бөлінген жалпы сомасы 620 миллион теңге сеніп тапсырылған қаражатты жаратқан. Жампозовқа 640 миллион теңгенің 120 миллионын ұрлаған деген айып тағылған.

Жампозовтың өлімінен кейін Қазақстан бас прокуратурасы "өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бойынша іс қозғалып, қаржы жымқыру айыбы бойныша істің қайта тергеуге жіберілгенін хабарлаған.

Дереккөз: Азаттық

31 шілде 2017, 11:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.