29 шілдеде «Атырау» командасы «Мұнайшы» стадионында футболдан ел чемпионатының 22-туры аясында қостанайлық «Тобылды» қабылдады.
Ойын алдында футболшылар 62 жасында өмірден өткен ҚР Еңбек сіңірген бапкері Бауыржан СӘРСЕКЕНОВТІ бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ширақ қимылдаған «Тобылдың» матчтың басында-ақ гол соғуға мүмкіндігі болды: шабуылшы Алексей ЩЁТКИН қапталдан қауіпті шабуыл жасады, алайда алаң иелерінің қорғаушысы Дәурен МӘЖИТОВ соққыны қайтарды. Ал кешікпей «Атырау» өткір шабуыл жасады. Владимир ДВАЛИШВИЛИДІҢ пасынан кейін Предраг СИКИМИЧ айыппұл алаңына баса-көктеп кірген еді, бірақ оны «Тобыл» қорғаушысы Фернандер КАССАЙ құлатты. Пенальти ма? Жоқ, төреші мінбердегі гуілге мән бермей, тек бұрыштама добын белгіледі. 15 минуттан кейін ойын қарқыны едәуір бәсеңсіп қалды. Мынадай 40 градус ыстықта бұлай болуы түсінікті де. Ойын арасындағы үзілістерде екі команда әлсін-әлсін су ішумен болды. 28-минутта алаң иелері есеп ашты: Двалишвили әуелетіп Сикимичтің басына допты тура берді, ал серб қақпашыға еш мүмкіндік бермей, алыстан «тоғыздықты» көздеді. Бес минут өткеннен кейін қостанайлықтар сілкініп, Дидар ЖАЛМҰХАН сол жақ қапталдан Аздрен ЛУКАКУДЫҢ әуелете соққан добын қабылдап, 10 метр қашықтықтан қақпаға соққы жасады. Алайда «Атырау» қақпашысы Жасур НАРЗИКУЛОВ допты қарғып барып, шеберлікпен қағып алды.
Екінші таймды ақ-жасылдар өз басын қорғай отырып, бәселекесін әлсін-әлі қарымта соққылармен төпеткен боксшыдей өткізді. Мақсат осы жеңіс есебін сақтап қалу еді. Тіпті, ауысымға шыққан жартылай қорғаушылар Шавкат САЛОМОВ пен Әлішер СҮЛЕЙ алаңда шабуылдан гөрі қорғаныспен көбірек уақыт өткізді. 80-минутта екінші рет ескерту алған соң Йован ДЖОКИЧ алаңнан қуылып, біздікілер өз алаңдарынан мүлдем шықпады. Финал ысқырығы шыққан кезде екі команда ыстықтан әрі әбден шаршағандықтан болдырып қалған еді. Матчтың қорытындысы Атыраудың жеңісімен аяқталды. Есеп 1:0.
Алда екі апталық үзіліс бар, одан кейін чемпионаттың үшінші қорытынды айналымы басталады.
Марат ТАКУЛИН