Атырау, 22 желтоқсан 06:46
 бұлттыВ Атырау -1
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Ипотекаға үй алған әскерилер далада қалуы мүмкін

2 503 рет қаралды


Алматы әскери гарнизонының жүзден аса қызметкері ипотека арқылы алған баспаналарынан айырылуы мүмкін. Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан ипотекалық компаниясы арасындағы келісімшарт бұзылып, «Ақкент» ықшамауданында қоныс тепкен 102 отбасыға пәтерлеріңді босатыңдар деген хабарлама келген. Күтпеген жерден суыт хабар алған әскерилер енді қайда барарын білмей дағдарып отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Жап-жаңа 3 бөлмелі пәтер Динараға 2015 жылдың қараша айында тиген. Екі жылға жуық емін-еркін тұрып жатқан ол күйеуі екеуі алты баланы асырап отыр. Оның төртеуі қайтыс болған сіңлісінен қалған. Бесеуі мектепке барады, тағы бір қызының мүмкіндігі шектеулі. Осындай жағдаймен аяқ астынан далада қалатынын естіген Динара енді барар жерім жоқ дейді.

«Бүйтіп үйімізден қуып шығады деп ойламап едік. Кезінде қолымызға үйдің кілті тигенде жүрегіміз жарылардай қуанып едік, қазір үйімізден айырылып, етегіміз жасқа толып отыр. Маған енді тамыздың 13-і күні пәтерді босат деген хабарлама жіберіпті», - дейді Алматы гарнизонының әскери қызметкері Динара.

Бұл әскерилерді үймен қамту мәселесі 2014 жылы келісіліпті. Қорғаныс министрлігі Қазақстан ипотекалық компаниясына ақшасын төлеп тұратын болып, 102 отбасын осы «Ақкент» ықшамауданына орналастырған. Бірақ, өткен жылдың желтоқсан айынан бері бір тиын төленбегені жақында ғана белгілі болыпты. Жағдайды түсіндірмек болған жергілікті әскери басшылар баспананы сақтап қалудың басқа жолын ұсынып көрген екен.

«Өз аттарыңа жазып алыңдар, «КИК-ке» басқаша келісімшарт жасаңдар деді. Келісімшартқа қол қойғаннан кейін өздерің ай сайын 210 мыңнан төлеп тұрасыңдар деді. Сендерге компенсация төлейміз дейді. Бірақ, жаңа заң бойынша, 2018 жылдан бастап компенсация тоқтатылады», - дейді әскери қызметкердің жұбайы Самал Тұрғанбаева.

Ипотекалық компания Қорғаныс министрлігіне қарызды өтеу қажеттігі туралы бірнеше рет ескерту жасағанымен, шенділер тарапынан мардымды жауап болмапты. Министрлік мәселенің мән-жайын тілшілерге де түсіндіріп беруге асығар емес. Ал Отан үшін ант беріп қызмет етіп жүрген жүзден аса қызметкердің ендігі жайы белгісіз. Үйді босатыңдар деген ескерту алған әскерилер пәтерлерін жиыстырып, көшуге дайындалып та жатыр.

Дереккөз: КТК
 

27 шілде 2017, 11:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.