Қазақ күресінен «Қазақстан барысы - 2017» турнирінің бірінші орын сыйақысы 25 миллион теңгені құрайтын «жүлделі» бөліміне алғаш рет атыраулық палуан қатысты. Атырау қаласының жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің (ЖСШМ) аға бапкері Азамат САҒЫНҒАНОВ әңгімелейді.
- Мамырда ардагерлер арасында самбодан әлем чемпионы Аманбай Қыздарбаевтың шәкірттері «Атырау барысы» іріктеу турнирінің финалистері атанды. 26 жастағы Кенжебек Күзембаевтың «Қазақстан барысында» сайысу тәжірибесі мол болса, 22 жастағы Арман Қалиев бұл турнирге алғаш рет жолдама алды. Биыл маған қатысушыларымызды сайысқа дайындау тапсырылды.
Атап өтейін: облыста ауыр салмақты спортшылар жетіспейді, бұл тапшылық жекпе-жектің барлық түрлері бойынша байқалып отыр. Ауыр салмақтылар – спортшылардың ерекше тобы. «Қазақстан барысы» - абсолюттік санат бойынша ұлттық күрестің бірегей, тартысты турнирі. Яғни, бұл жерде ауыр салмақты палуандардың басымдықтары бар. Дзюдодан ерекшілігі – қазақ күресте төрттағандап белдеспейді. Сондықтан да бойдың биік болғаны жөн. Алайда мен жоғары техникалық күресті жақтаушымын және жаттығуларда дәу палуандарды «еңбектеуге» мәжбүрлейтін екі дүркін әлем чемпионы жапондық Мунетуді үлгі тұтамын. Біздің екі өкіліміздің де техникалары жақсы қойылған, тек салмақ жетіспеушілігі ғана сезілді. Маусымда біз жігіттер үшін оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Жилгородоктан кафені жалға алдық, ол жерде дәруменді тағамдар дайындалды. Дене шынықтырумен айналысты. Бапкерлер спортшылардың үйде де дұрыс тамақтануын қадағалады. Нәтижесінде, екі спортшымыз да жақсы дайындықпен шығып, турнир барысында шаршап қалмады.
Бірінші күні «Қазақстан барысында» салмақ өлшеген кезде Арманда 185 см бойы мен 100 келі салмағы, Кенжебекте – 175 см бойы мен 146 келі салмағы болды. Кенжебек қатысушылар арасындағы ең ауыры еді, бірақ бойы көпшілігінен аласа болатын. Сайыс қорытындысында жеңімпаз атанған Еламан Ерғалиев ауыр салмағы бойынша екінші болды. Қазіргі турнирде 34 қатысушының 10-ы белгісіз, жас спортшылар еді. Соның ішінде, Арман мен болашақ жеңімпаз Еламан Ерғалиев (Қызылорда) болды. Біз қазақ күресінің элитасындағы барлық қатысушылармен сайысқа тактикалық тұрғыда дайындалдық. Бірақ Е.Ерғалиевтың сайысы бар бейнежазбаны, өкінішке орай, таба алмадық.
Жеребе бойынша Кенжебек пен Арман 1/16 финалда сайысты бастады. Арман петропавлдық Ғизат Қалықовты екі рет лақтырып, таза жеңіске ие болды Ал Кенжебек салмағының басымдығымен дзюдодан ҚР құрамасының мүшесі, Батыс Қазақстан облысының спортшысы Ерназар Хамзиннің қарсылығын тойтарып тастады. Алайда бұл сайыс оны қалжыратып жіберді.
Келесі айналымда Арман жамбылдық мықты палуан Абай Ерболұлынан үстем түсіп, бір рет лақтырып, «жартылай жеңіске» қол жеткізіп, финал ысқырығына дейін басымдығын сақтап қалды. Қатар сайыста Кенжебек тәжірибелі алматылық Руслан Әбдіразақовтан жеңіліс тапты.
Ширек финалда Арман мен айтқан тактикалық әдісті орындап, 2017 жылғы ҚР абсолюттік чемпионы, астаналық Айбат Сейтенді жеңіп шықты. Жекпе жек өте тартысты өтті. Арманның бәсекелесі ұзақ уақыт бойына ұпаймен сайысты, нәтижесінде таза ұтылып қалды. Ол Арманды бағалай алмады деп ойлаймын. Ал біздің палуанның, керісінше, жекпе-жек аяқталуға жақын қалғанда «екінші тынысы» ашылды. Алдын ала айтып қояйын: ҚР құрамасының бапкерлік штабы Арманның жеңісін кездейсоқтық деп есептеп, Сейтенді қыркүйек айында Астанада өтетін халықаралық «Әлем барысы» турниріне шығарды. Жартылай финалда Арман болашақ чемпион Е.Ерғалиевқа, «қола» үшін жекпе-жекте «Қазақстан барысы-2013» жеңімпазы оңтүстік қазақстандық Айбек Нұғымаровқа есе жіберіп алды.
Жалпы Арман өзі білетін «құрал-саймандарды» - техниканы, жеңіске деген жігерін іске қоса алатынын көрсетті. Ол қазақ күресінің элитасына енді, енді бізбен де санасатын болады.
- Сіздердің алдағы жоспарларыңыз қандай?
- Қазір Шымкентте облыс құрамасымен оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Арманның мақсаты – қыркүйекте Атырауда 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өтетін дзюдо бойынша ҚР чемпионатында алтын алқа иелену және ҚР спортының шебері нормативін орындау. Егер жүзеге аспаса, қараша айында Ақтөбеде дзюдо бойынша өтетін ҚР чемпионаты ол үшін екінші мүмкіндік болмақ.
Спортшылар мен олардың бапкерлері облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы А. Бекетке және ЖСШМ директоры А. Қыздарбаевқа қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіреді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор және А.Сағынғановтікі