Қонақтардың оңтүстік астанадан ең болмағанда бір ұпай алып кете алатындығына сенгендер саусақпен санарлық қана. «Қайрат» - чемпионат көшбасшыларының арасында екінші орында келеді. Ол матчтың алғашқы минуттарында-ақ алаң иесінің кім екенін көрсете бастады. Оның үстіне, аты аңызға айналған Андрей АРШАВИН әлсін-әлсін шабуыл жасап тұрды. Оның, әрине, жылдамдығы бұрынғыдай емес, алайда айла-тәсілі ешқайда жоғалмаған еді. 11-минутта сол жақ қапталдан оның әдемі етіп берген добын Жерар ГОУ айыппұл алаңының жиегінен қақпаға қарай соқты. Доп біздің қорғаушымыз Юре ОБЩИВАЧУДІҢ қолына тиді. Төреші еш ойланбастан «нүктені» көрсетті. Пенальтиді Бауыржан ИСЛАМХАН орындады. Ол допты оң жақ бұрышқа пәрменмен соқты. Сол кезде «Атырау» қақпашысы Андрей ПАСЕЧЕНКО өзінің шеберлігін көрсете білді. Ол соққының бағытын дәл тауып, допты қарғып барып, кері қайтарды.
Алаң иелері осы сәтсіздіктен кейін меймандардың қақпасын жаңа күшпен шабуылдады. Көп соққы жасалды, бірақ қақпаға дарымады. Ал тіке бағытталған сирек соққыларды қақпашы еш қиындықсыз қайтарып отырды.
Екінші таймда көрініс көп өзгере қоймады, алайда меймандардың тек қорғанысты ойламайтыны сезілді. «Қайраттың» айыппұл алаңына екі-үш мәрте жақындап келуі жақсылықтың нышанындай байқалды. Бұл әрекет 70-минутта жүзеге асты. Жылдам қарсы шабуылда Әлішер СҮЛЕЙ жүгіріп жеткен Марат ХАЙРУЛЛИНГЕ керемет пас берді. Ол Предрага СИКИМИЧКЕ беріп, «Атыраудың» серб легионері допты қақпаға салып, есепті 1:0 қылды.
Алай иелері 5 минуттан кейін есепті теңестірді. Бұрыштан доп берілгеннен кейін Бауыржан ТҰРЫСБЕК гол салды. Тағы 15 минут қалған еді. Қайраттықтар жеңісті қолдан бергілері келмеді, бірақ біздікілер сенімді түрде қорғанды. Уақыт аз қалған сайын алаң иелерінің шабуылдары да сенімсіз көрінді. Матч 1:1 есебімен аяқталды.
Осы тең ойынмен 18 ұпай жинаған «Атырау» 9-орында тұр. Келесі матч – сәрсенбі, 26 шілдеде болады. Біздің команда өз алаңында көкшетаулық «Оқжетпеспен» кейінге шегерілген 8-турдың матчын ойнайды.
Марат ТАКУЛИН