ДЗЮДО
Бішкекте 2000-02 жылғы кадеттер арасында дзюдодан Азия чемпионаты аяқталды.
81 келіге дейінгі салмақта атыраулық дзюдошы Серікболсын Шынтас күміс алқа иеленді. 55 келіге дейінгі салмақта бұрынғы атыраулық, қазір Ақтөбе облысының намысын қорғап жүрген Ермек Амангелді «қола» жетістікке жетті. Бұл спортшылардың қалыптасуына олардың әкелері – танымал атыраулық дзюдошылар Ерлан Шынтас пен Бимырза Тайжановтың зор рөл атқарғаны белгілі. Чемпионат барысында судьялар семинары өтті. Халықаралық сайыстарда төрелік ету құқығын атыраулық Қуаныш Сүлейменов алды. Бұған дейін біздің облысымыздан дзюдо бойынша халықаралық санаттағы жалғыз төреші Жандос Қиянов болатын. Чемпионат қорытындысы бойынша ҚР құрамасы 2 алтын, 6 күміс және 7 қола алқалар алып, командалық 3-ші орынды иеленді.
***
ТАЕКВОНДО
Нальчик қаласында Латвия мен Ресей құрамасымен бірге өткен екі апталық оқу-жаттығу жиындарынан кейін Қазақстан құрамасы дағыстандық Хасавюрт қаласына барып, ол жерде «Кавказ Кубогына» қатысты.
Бұл турнирде атыраулық спортшы Жадыра Хайруллина өзін жақсы көрсетті. 63 келіге дейінгі салмақта ол Литва мен Ресейдің спортшыларынан үстем түсіп, алтын алқа иеленді.
***
ТУРНИРЛЕР
«Барыс» дене даярлығы балалар-жасөспірімдер клубының (БЖК) қолдауымен футболдан, дойбы мен грек-рим күресінен сайыстар өтті. Футбол турнирінде «Атырау-2007» командасы 1-орын алды, «Атырау-2006» командасы 2-орын, «Атырау-2008» командасы 3-орын алды. Богдан Хайруллин мен Әмір Сағынбай үздік ойыншылар деп танылды. Дойбыдан Ардақ Сидағұлова мен Темірлан Сырымға тең келер жан болмады. Грек-рим күресінде Жаңбырбай Жансерік, Әнуар Темірғалиев және Қайырлы Таужанов мықтылар атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер БЖК кубоктарымен және медальдарымен марапатталды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ