ЖҮЗУ
Мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында Берлинде өткен турнирде атыраулық параолимпиадашы Ержан Сәлімгереев қанжығасына екі алтын медаль байлады.
Жоғары сынамалы медальды біздің батырымыз 100 метрге баттарфляй әдісімен және 50 метрге құлаштап жүзу бойынша жеңіп алды. Кейін ұйымдастырушылар жеңімпаздардың қатысуымен тірек-қозғалыс аппараттарының зақымдану дәрежесін есепке алмай жүзу жарысын өткізді, Ержан мұнда мәреге үшінші болып жетті.
***
МИНИ-ФУТБОЛ
Атырау қаласы, Еркінқала және Махамбет селоларынан қатысқан 8 команданың қатысуымен «Каспий Кубогі» жүлдесі үшін ардагерлер арасында ашық турнир өтті.
Екі күнге созылған қызу тартысты финалда «Каспийден» басым түсіп, жеңіске жеткен «Болат» командасы кубок иегері атанды. Үшінші орын пенальти сериясы бойынша «Мелиоратордан» басым түскен «Атырау ардагерлеріне» бұйырды. Қақпашы Берік Молбай, қорғаушы Владимир Мартынов, шабуылшы Зоран Терзич турнирдің ең үздік ойыншылары атанды. Командалар мен үздік ойыншыларға кубоктар, грамоталар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ұйымдастырушылар келер жылы басқа да Каспий маңы елдерінен командалар шақыру арқылы турнирге халықаралық мәртебе беруді жоспарлап отыр.
Адик Балыкшинский
***
БАСКЕТБОЛ
Алматыда 2005 ж.т. жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының ақтық туры өтті.
Шешуші тур алдында «Атырау» командасының турнирлік кестедегі бағыты жақсы болды. Олар топ ішінде барлық бес қарсыласын – Алматыдан екі команда, сондай-ақ, Қарағанды, Орал және Алматы облысының командаларынан басым түсті. Жартылай финалда бірінші орында болған «Атырау» 14 ұпай айырмашылықпен «Ақтөбені» жеңіп кетті, қатар өткен матчта алаң иелері қарағандылықтарды тізе бүктірді. Өкінішке орай, «Атырау» финалда «Алматыдан» ұтылып қалды.
- Екінші орынды жақсы нәтиже деп есептеймін, - дейді команданың жаттықтырушысы Амантай Торғаев. – Ең пайдалы ойыншы ретінде Махмуд Мақсат өзін көрсете білді, өзінің бірінші жарысы екендігіне қарамастан Никита Крюков та жақсы ойнай білді.
Сыйлық ретінде балалар Алматы облысындағы таулы Текелі қаласында 10 күндік оқу-жаттығу жиынына жолдаманы иеленді.
***
ДОЙБЫ
Ел чемпионаты аяқталған Орал қаласынан жағымды жаңалық жетті.
Жарыста Атырау қаласының жеті ойыншысы бақ сынады. Олардың үшеуі алты медаль жеңіп алды. Юниорлар арасында «Рапид» номинациясы (ойыншыларға партияға 10 минуттан беріледі) бойынша «алтынға» Ерзат Кенжеғали ие болды. Қыздар арасында Данагүл Жұмалиева «рапид» және «классика» (45 минуттан) номинациялары бойынша екі «алтын» медальды жеңіп алды. «Рапид» номинациясы бойынша «күміс» жүлде биылғы жылдың Азия чемпионатының қола жүлдегері Бекарыс Жұмалиевке бұйырды. Ол сондай-ақ, «блиц» бойынша (3,2 минуттан) «қоланы» иемденді. Атырау құрамасының жеңіске жету сәттерін жастар арасында өткен жарыста «классика» номинациясы бойынша «қоланы» жеңіп алған Ерзат аяқтады.
Тәрбиеленушілерінің бұл жетістіктеріне олардың бапкерлері Берік Молдаш пен Еркін Үсенов риза болды.
***
САМБО
Облыс құрамасы Ташкентте өткен Азия чемпионатында үздік нәтижеге қол жеткізді.
Жасөспірімдер санаты бойынша алтынды 48 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Асқар Еспосынов жеңіп алды. Ол осымен екі жыл қатарынан континеттегі ең мықты самбошы болып келеді.
Жастар арасында құрама екі медальды иеленді: 57 келіге дейінгі салмақта Жұмабай Парасат чемпион атанса, 82 келіге дейінгі салмақта күмісті Дәурен Болатбекұлы жеңіп алды. Қыздар арасында жоғары құрмет тұғырына 80 келіге дейінгі салмақта белдескен Қалжан Тайжанова (80 келіге дейінгі салмақ) көтерілді.
Астанада ҚР президенті Н.Назарбаев жүлдесі үшін спорттық және әскери самбодан әлем Кубогі өтті.
Үш атыраулық спортшы: А.Қайырберды, Н.Майлашев және Қ.Тайжанова қола медальді иеленді.
***
МУАЙ-ТАЙ
Петропавловскіде балалар мен ересектер арасында ашық республикалық «Солтүстік Кубогы» турнирі өтті.
Сайыстарға 10 облыстың құрамасы мен Ресейдің үш қаласының командасы, барлығы 280 палуан қатысты. Атырау құрамасында 27 спортшы бар, оның 23-і жүлделі орындар: 10 алтын, 5 күміс және 8 қола алқа алды. Нәтижесінде атыраулықтар командалық 3-орын алды. Кубок иегерлері Қайрат Айдынғали, Қазбек Орынбай, Юсуф Мұхтасип (суретте), Алан Юсупов, Ерасыл Қайролла, Сағынбек Хасанов, Дидар Жеңіс, Нұрлыбек Ордабаев, Шыңғысхан Кенжебаев пен Аида Хайруллина. «Жеңіске жігері үшін» жүлдесімен Арсен Бесенбай марапатталды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ