Атырау, 20 мамыр 02:02
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Вице-министр Қайыров: Тікелей инвестициялардың көлемі артып келеді

1 599 просмотра


Қазақстан экономикасына құйылып жатқан шетел инвестицияларының көлемі артып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Қайыровтың айтуынша, қазіргі кезде мемлекет басшылығы ол инвестициялардың өңдеу саласына салынғанын қалайды. 

"Соңғы он екі жылдың ішінде Қазақстан экономикасына 245 млрд доллардан астам шетел инвестициялары құйылды. Ашығын айту керек, ол ақшаның басым бөлігі пайдалы қазбаларды игеруге салынды. Сондықтан қазіргі кезде ел үкіметіне нақты мақсат қойылып отыр. Ол - инвестицияларды өңдеу саласына тарту", - деді Қайыров бүгін құрметті консулдар съезінде.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, өткен жылы ел экономикасына тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық болды.

"Ал соңғы мәліметтерге сәйкес, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында тікелей шетел инвестицияларының көлемі 20 пайызға өсті", - деп атап көрсетті Қайыров. 

Айта кетейік, бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасының және ҚР-дағы шет мемлекеттердің құрметті консулдарының съезі ұйымдастырылды. Аталған шараның негізгі мақсаты - Қазақстандағы шетел инвесторлары үшін жасалып жатқан жағдайларды жан-жақты түсіндіру, ол ақпаратты консулдар арқылы барлық инвесторларға жеткізу.

Дереккөз: ҚазАқпарат


10 шілде 2017, 10:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.