ВОЛЕЙБОЛ
Өңірлік дене тәрбиесін дамыту орталығының қолдауымен 5-6 сынып оқушыларының арасында облыстық чемпионат өтті.
1-орынды Махамбет ауданының, 2-орынды – Құрманғазы ауданының, 3-орынды – Атырау қаласының командалары иеленді.
***
МИНИ-ФУТБОЛ
«Динамо» спорт қоғамының қолдауымен мини футболдан құқыққорғау органдарының арасында ҚР полициясының 25 жылдығына арналған облыстық чемпионат өтті.
1-орынды ТЖД, 2-орынды «Күзет» мамандандырылған күзет қызметі басқармасы (МКҚБ), 3-орынды ІІД командалары алды.
Шабуылшы Серік Ботпенов (ІІД), қақпашы Данияр Әлиев (МКҚБ), қорғаушы Ерназар Табылдиев (ҰҚКБ) үздік ойыншылар деп танылды.
***
ДЗЮДО
Қарағандыда 2002-03 жылғы жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті.
Бұл жерде атыраулық дзюдошы Бекарыс Мұратұлы ерекшеленді. 38 келіге дейінгі салмақта ол Астанадан, Ақтөбеден, Ақтау мен Шымкенттен келген спортшыларды жеңіп, кейін, өкінішке орай, Павлодардан келген замандасынан ұтылып қалды. Нәтижесінде қола алқа алды. Талантты бала шілде айында Шымкентте және күзде Мәскеуде өтетін халықаралық турнирлерге қатысу құқығын алды. Бекарыстың бапкері Жандос Тілекбаев та бұл жетістікті атап өтуде.
***
ТАЕКВАНДО
Сеулдегі әлем чемпионатында атыраулық спортшы Қайрат Сарымсақов ойдағыдай нәтиже көрсетті.
74 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Қайрат бірінші жекпе-жекте нигериялық спортшы Сегуна Олушакты сеніммен жеңді. Содан соң 6:5 есебімен Еуропа чемпионы португалиялық Джулио Ферейраны ұтты. Келесі айналымда Қайрат латвиялық Урмас Клемастан 15:9 есебімен басым түсті. Одан кейін ауыр жекпе-жекте (қосымша раунд қажет болды) Тайпей өкілі Енга Сунгадан үстем болды.
Жартылай финалда біздің спортшы 8:10 есебімен Өзбекстан құрамасының өкілі Никита Рафаловичке есе жіберіп алды. Нәтижесінде - әлем чемпионатының қола алқасын алды.
***
КАРАТЕ
Алматыда төрешілер алқасының төрағалары WKF-карате бойынша Хавьер Эскаланте мен AKF-карате бойынша Патрик Лимнің басшылығымен халықаралық төрешілер семинары өтті.
Онда Олимпиада 2020-ға спорттың осы түрінің енгізілуіне байланысты Дүниежүзілік карате Федерациясының (WKF) ережесі талқыланды. Біздің облысымыздан семинарға халықаралық санаттағы төреші Сансызбай Торғаев пен «Қайсар» спорт клубының шәкірті Ерлан Қабдуалиев қатысты. Семинар екі кезеңде өтті. Біріншісінде рефери ережені, рұқсат етілген және тыйым салынған тәсілдер туралы айтты. Екіншісінде – С.Шакиев атындағы республикалық турнирдегі спортшылардың әрекетіне баға берді.
***
ЖЕКПЕ-ЖЕК
Қостанайда 1997-99 жылғы жастар арасында қоян-қолтық ұрыс бойынша ҚР чемпионаты өтті.
Атырау облысының құрамында қола алқаны джиу-джитсу федерациясының шәкірті Аманжан Қайырғалиев (65 келіге дейін салмақта) иеленді. Оны Ерболат Сатыбалдиев жаттықтырады.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ