КҮРЕС
Жағымды жаңалық 1997-99 ж.т. жастар арасында еркін күрестен Азия чемпионаты өтіп жатқан Қытайдың Тайпей қаласынан келіп жетті. Атырау қаласындағы жоғары спорт шеберлігі мектебінің (ЖСШМ) тәрбиеленушісі Сұлтан Жақсылық 74 келіге дейінгі салмақ дәреджесінде қола жүлдені жеңіп алды.
Ол бірінші айналымда Үндістаннан келген спортшыны 12:2 есебімен тізе бүктірді, одан кейін Түркіменстандық қарсыласынан 3:2 есеппен басым түсті. Өзбекстан құрамасының өкілімен болған белдесуде Сұлтан 7:2 есеппен алда келгенімен, оны қарсыласы қолайлы сәтте жауырынын жерге тигізді. Ал, «қола» үшін болған жекпе-жекте біздің спортшымыз Оңтүстік Кореядан келген палуанды жеңіп кетті. Сұлтанды жаттықтырушы Аслан Жаманбаев дайындады. Спортшы мен оның бапкері облыстық спорт басқармасының басшысы А.Бекет пен ЖСШМ директоры А.Қыздарбаевқа жарысқа бару сапарын ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдіреді.
КАРАТЕ
Астанада кекушинкан карате-до бойынша «Астана Опен ЕХРО» халықаралық турнирі өтті.
Атыраудан бір спортшы - Димаш Әбдіғалиев ақтысты. Ол 4 жекпе-жек өткізіп, нәтижесінде қола алқа алды.
ММА
ММА (аралас жекпе-жек) бойынша Азия чемпионаты аяқталған Сингапурдан жақсы хабар келді.
61,2 келі салмақта ұлттық құрама үшін бақ сынаған атыраулық Олжас Молдағалиев жартылай финалда британдық Рафу Возаны, ал финалда санаулы минуттарда швед Ренато Видовичті айқын басымдылықпен жеңді. Олжас – чемпион!
ЖҮЗУ
Қарағандыда жүзу бойынша 2004 жылғы ұлдар мен қыздар арасында «Көңілді дельфин» республикалық турнирінің 2-кезеңі аяқталды. Атыраудан 5 спортшыдан құралған команда қатысты. 50 метр қашықтықта еркін стиль бойынша «күміс» пен 100 метр брасс әдісімен «қола» алқалар алған Дамир Алтайұлы ерекшеленді. Дамирдің арқасында екі кезең бойынша командалық есепте Атырау командасы 10-орыннан 6-орынға көтерілді. Сайыстың келесі кезеңі қарашада Шымкентте өтеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ