«Атырау» командасы футболдан ел чемпионатының 15-туры аясында «Астанамен» сырт алаңда ойнады.
Астаналық клуб көп уақыттан бері турнир кестесінде көш бастап келеді. Бұл матчты да әп дегеннен күшті шабуылдармен бастады. Біздің қорғанысымыздың қиюы кетті, алайда 22-ші минутқа дейін төтеп берді. Алаң иелерінің шабуылшысы Роман МҰРТАЗАЕВТЫҢ басымен соққан добы қиыс кетіп, керемет әдіспен Жуниор КАБАНАНГА қайта соғып, «Атырау» қақпасына гол салды. Қонақтар сілкініп алып, келесі 10-минутта қарсыластарына қысым көрсетуге тырысты. Алайда, қауіп төндірерлік сәттер болмады. Содан кейін ойын тетігін алаң иелері қайтадан өз қолдарына алды.
Екінші таймда ойын сызбасы өзгермеді. «Астана» жан-жақтан шабуыл жасады. Бұл күні меймандардың қақпашысы Андрей ПАСЕЧЕНКО көп тер төкті. Андрей барын салып ойнады, алайда ол сиқыршы емес қой. 59-шы минутта Дәурен МӘЖИТОВ өз айып алаңынан Роман Мұртазаевты құлатып, төреші пенальти тағайындады. Оны Срджан ГРАХОВАЦ соқты – есеп 2:0. 5 минут та өтпестен, Патрик ТВУМАСИ сол Мұртазаевтың берген добымен есепті 3:0 қылды. 73-ші минутта Жуниор Кабананга төртінші голды салып, матчқа нүкте қойды. Тек осыдан кейін ғана меймандар қауіпті сәттер тудыра бастады. Тіпті, Әлішер СҮЛЕЙ «Астана» қақпасына доп соқты, алайда қапталдағы төреші офсайд деп бағалады. Бұған қатысты Сүлейдің төрешімен дауы біздің ойыншымызға берілген ескертумен аяқталды. Финал ысқырығына дейін таблодағы есеп өзгермеді – 4:0.
30 мың орындық «Астана аренада» жанкүйерлер осындай матчты тамашалады. Дегенмен, олар еліміздегі ірі футбол стадионындағы орындардың оннан бірін ғана толтырды.
Матчтан кейінгі баспасөз конференциясында «Атыраудың» бас бапкері Сергей ПАВЛОВ өз командасының барлық тармақ бойынша мықты бәсекелесінен ұтылып, лайықты жеңілгенін атап өтті:
- Әрине, жігіттердің көптеген қателіктеріне жол берілмеуі тиіс еді. Бәлкім, доп соққан соң ойынға оралар ма еді. Бірақ, болжаммен не айтуға болады? Біздің команда дүбірлі матчтар сериясын өткерді. Турнирлік ауыр ахуалды түзете алды. Әрбір матч ауыр болды, бір жерде күйреуі тиіс еді. Осы жерде, Астанада күйреді...
Чемпионаттың келесі ойынын «Атырау» 17 маусымда қарағандылық «Шахтермен» сырт алаңда өткізеді.
Марат ТАКУЛИН
Суреттерді түсірген автор