ДЖИУ-ДЖИТСУ
«Атырау» ДСК-де өткен ҚР Жастар ойынында облыс құрамасы 5-орын алды.
Оның құрамында Бауыржан Ғинаятов, Данияр Байымбетов, Тілекші Дүйсенова, Айым Махуова және Әлішер Ақжігітов алтын алқа, Гүлайым Таңатарова, Т.Дүйсенова, А.Махуова, Асылхан Мәуленов және Айгүл Елубай күміс алқа, Меруерт Серікқалиева, Зарема Қойбақова, Нұрсұлтан Ғазизов, Мират Тәңірберген, Айымгүл Асанова, Рамазан Ибатолла, Еламан Төреханов, Ризабек Шакиев, Альбина Боранқұлова, Бибігүл Жапашева және Нұрберген Ескендіров қола алқаға ие болды.
***
МУАЙ-ТАЙ
Астанада Таиланд елшілігінің кубогына Қазақстан, Таиланд, Ресей және Қырғызстан кәсіпқой тайбоксшыларының арасында матчтық кездесу өтті.
Құрамада Атыраудан доссорлық спортшылар Еламан Саясатов пен Әбіл Ғалиев қатысты. Қазақстан мен Таиланд командаларының арасындағы кездесу 6:1 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. Еламан өз жекпе-жегінде жеңімпаз болып, Әбіл бәсекелесіне ұпай бойынша есе жіберіп алды.
***
ДЗЮДО
Ташкентте парадзюдо бойынша Азия чемпионаты өтті. Оған он елден 150 мүгедек спортшы қатысты. Соның ішінде Қазақстаннан 6 спортшы бар.
Атыраулық спортшылар өздерін жақсы көрсете білді. Жеке есеп бойынша 73 келіге дейінгі салмақта Теміржан Дәулет қола алқа иеленді. 66 келіге дейінгі салмақта Азамат Тұрымбетов күміс жүлдегер атанды. Командалық есеп бойынша облыс құрамасының қоржынына Әнуар Сариев қола алқа салды. Спортшыларды бапкерлер Н.Нұрашев пен Ж.Қиянов дайындады.
***
ҚАЗАҚ-КҮРЕС
Алматыда қазақ күрестен ҚМДБ төрағасы, ҚР Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының сыйлығына арналған дәстүрлі турнир өтті. Ұлттық күрестің Атырау мектебінің өкілдері екінші жыл қатарынан осы турнирдің финалына қатысуда. Өткен жылы сайыстың «күмісін» миялылық Біржан Молдашев иеленген еді. Енді осындай нәтижеге оның жерлесі Мәлік Төлеуішов қол жеткізді. Өткен жылы Біржан сыйлыққа құны 1,4 млн теңге болатын Меккеге қажылыққа бару жолдамасын алған болатын. Облыстың бас имамы Батыржан Мансұровтың айтуынша, Мәлікті одан кем түспейтін марапат күтіп тұр.
***
ШАХМАТ
Атырауда Ұлы Отан соғысының ардагері, облыстың бірнеше дүркін чемпионы Ғабдірахман Әшімбайұлы Айдаралиевты еске алуға арналған 12-ші республикалық шахмат фестивалі өтті.
Сайысқа 130 спортшы қатысты, соның ішінде 1 халықаралық спорт шебері, ҚР спорт шеберіне 8 үміткер және 30 шақты бірінші разрядты спортшылар қатысты.
Басты турнирде бүкіл партияларда жеңіп шыққан Азияның вице-чемпионы және ҚР бірнеше дүркін чемпионы Жәнібек Аманов бәсекеден тысқары болды. Екінші орынды мұнайшы Есенболат Меңдалиев, үшінші орынды Ж.Досмұхамедұлы атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Нұрбол Ғалымжанұлы иеленді.
Ардагерлер арасында бірінші орынды Еркінқала ауылының зейнеткері, спорт шеберіне үміткер Бөкенбай Ағаша, екінші орынды - қызылқоғалық Амангелді Сақтағанов, үшінш орынды – Оралдан келген мейман Айтқали Ізбасаров алды.
Қыздар арасында НЗМ оқушысы Дильяра Ғабитова үздік болды. Екінші орынды Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының студенті Жұлдыз Елеусін, үшінші орынды – ақтөбелік Дариға Сүйінбаева иеленді.
Жасөспірімдер арасында №17 мектептен Аят Абдоллаев бірінші болды, екінші орында Алмаз Шудабаев (Ақтөбе), үшінші орында – Айдос Тұрғамбай (Ақтөбе). Қыздар арасында алтынды Геолог поселкесінен Жазира Боранбай, екінші орынды Ботагөз Мақсатова (Ақтөбе), үшінші орынды - №19 мектептен Зарина Нұрғалиева жеңіп алды.
Облыстық шахмат федерациясының вице-президенті, сайыстың бас төрешісі Сабырбай Ғайсиннің айтуынша, турнир жоғары деңгейде өтіп, жас шахматшыларға даму үшін стимул берген.
***
ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ
20 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен ҚР Кубогына Атырау командасы қатысып, 8-орын алды.
– Біз алғаш рет осындай деңгейдегі сайысты Атырауда қабылдадық, өкінішке орай, бізде осы жас санатында жоғары биіктікті бағындыратын жақсы спортшыларымыз жоқ, - дейді облыстың аға бапкері Құрманғали Ашетов. – Егер басқа облыстардан 18-19 жастағы спортшылар қатысса, бізден – 13-14 жастағы балалар қатысты. Ал жас ерекшелігі бізде, тәжірибе секілді, үлкен маңызға ие.
Қ.Ашетовтің өзі ардагерлер арасында жеті дүркін ел чемпионы болып табылады. Өткен жылғы ел чемпионатында өзінің принципшіл бәсекелестері ақтөбелік Бауыржан Төлегенов пен павлодарлық Арыстан Қапаевтан үстем түскен еді.
***
БОКС
Астанада әскери генерал Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған халықаралық турнир өтті.
Оған Қазақстанның, Қырғызстанның, Малайзияның, Тәжікстанның, Моңғолия мен Өзбекстанның мықты боксшылары қатысты. Атыраудан алты спортшы: Рашид Салауатов, Асылхан Ұзақбаев, Данат Қарымсақ, Мирас Ниғметов, Амандық Манашев және Батырхан Ғаббасов қатысты. Бастапқы айналымнан тек 75 келіге дейін сайысқан А.Манашев үш рет жеңіп, финалға дейін шықты. Ол жерде шымкенттік бәсекелесінен ұпай бойынша есе жіберіп алды. Нәтижесінде күміс алқа алды. Облыс құрамасының аға бапкері Қанат Орақбаевтың айтуынша, команда қазір шілде айының басында Атырауда өтетін Қазақстан Бокс федерациясының құрметті президенті Асқар Құлыбаевтың сыйлығына арналған халықаралық турнирге дайындалуда.