Атырау, 22 желтоқсан 13:09
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Двалишвилиден екі гол және матч соңындағы текетірес

3 680 просмотра

28 мамырда футболдан ел чемпионатының 14-турында «Атырау» оралдық «Ақжайық» командасын қабылдады.

Алаң иелері алғашқы минуттарда-ақ алаң қожайыны кім екенін дәлелдеуге кірісті. Сол жақ қапталдан «Атыраудың» алғыр жас қорғаушысы Қуаныш ҚАЛМҰРАТОВ шабуылды құлшына қолдады. Ақ-жасылдар тарапынан 4-минутта алғашқы қауіпті сәт орын алды: бұрыштан доп берілгеннен кейін Уча ЛОБЖАНИДЗЕ қолайсыз позициядан баспен доп соқты. Меймандардың ұзынтұра қақпашысы Денис ТӨЛЕБАЕВ орнынан табылды. 13 минутта қожайындардың капитаны Марат ХАЙРУЛЛИН оң жақ қапталдан бұзып-жарып, айыппұл алаңына кіріп, Владимир ДВАЛИШВИЛИГЕ пас берді. Ол айлакерлікпен, бірақ бұл жағдайда орынсыз жерден допты өкшесімен Алішер СҮЛЕЙГЕ лақтырып жіберді. Әлішер бұған әзір болмады. Дегенмен, грузин легионерінің жұлдызды сағаты әлі алда еді.

Меймандар біртіндеп үйреніп, бәсекелестерінің айыппұл алаңына аяқ баса бастады, алайда салмақты қадамдар жасай қоймады. Есесіне қожайындар ерекшеленді: 30-минутта тынымсыз Қалмұратов айыппұл алаңына допты әуелете соғып, Двалишвили биікке секіріп, допты басымен қақпаға соқты. Нағыз британдық гол! Бірінші тайм 1:0 есебімен аяқталды. Ал үзілістен соң біздің командамызды құдды ауыстырып жібергендей еді: шабуыл жасаушы күш-қуаттың қайда кеткені белгісіз, матчтың соңғы секундтары өтіп жатқандай және қолдағы азғана жеңісті сақтап қалайын дегендей, ойыншылар өз қақпаларына қарай үймелей берді. Меймандар осы сәтті қапы жібермеді. Әсіресе, Андрей ПАСЕЧЕНКОНЫҢ қақпасына алыстан және орта қашықтықтан күшті соққылармен қайта-қайта доп соққан Эдуард СЕРГИЕНКО қауіпті еді. 55-минутта біздің қақпашы бұрышқа қарай ұшып келе жатқан допты қағып алып, команданы құтқарып қалды. Осыдан кейін алаң щеңберінде Сергей ПАВЛОВ шәкірттеріне олай ет-бұлай ет деп, айқайлаумен болды. Мұның септігі де тиді. Біздікілер ойынды өз қақпасынан ығыстырып, 59-ші минутта оң жақ қапталдан Йован ДЖОКИЧ доп бергеннен кейін Эльдар АБДРАХМАНОВ басымен қақпаға доп соқты. Қақпашы дарытпады, ал Двалишвали допты кері соғып, есепті 2:0 қылды.

Әрі қарай командалар бірнеше шиеленісті, алайда нәтижесіз ойындар көрсетті. Соңғы минуттарда Двалишвили меймандардың қақпашысымен бетпе-бет қалып, хет-трик жасауына мүмкіндік туды, алайда доп қақпадан сәл жоғары кетті. Матч қорытындысы – 2:0, алаң иелері жеңіске жетті. Өкінішке орай, финалдық ысқырықтан кейін алаңдағы шиеленіс басылмады. Матчтың батыры Двалишвили мен «Ақжайықтың» қорғаушысы Майкл ОДИБЕ бір-бірімен ұстасып қала жаздады. Бүкіл матч бойына бір-бірінің арасында теріс «химия» сезілген қаны қызу жігіттерді төрешілер әзер ажыратып алды. Нәтижесінде екеуіне де ескерту қағазы берілді.

Осы турдан кейін «Атырау» қоржынында 14 ұпай жиналып, турнир кестесінен 7-орынға жайғасты. 6-орындағы «Қайсарға» жету үшін 4 ұпай қажет, командамыз бір матч кем ойнады.

Келесі ойынды «Атырау» 3 маусымда чемпионат көшбасшысы «Астана» командасымен сырт алаңда ойнайды.



Марат ТАКУЛИН 

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор

29 мамыр 2017, 15:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.