Өз шәкірттерінің спорттағы жетістіктері туралы облыстық карате-до шотокан федерациясының және «Жолбарыс» спорт клубының президенті, ҚР Еңбек сіңірген бапкері, 5-дан қара белбеу иегері Ерікқали ҚОЙШЕКЕНОВ әңгімеледі.
- «Шотокан» жапон тілінен аударғанда «қарағай мен теңіз залы» дегенді білдіреді, оның символы жолбарыс болып табылады. Біздің залымызда қарағайлар жоқ, есесіне жолбарыстай жүректі, төзімді шәкірттеріміз баршылық.
2017 жыл біз үшін жиындар мен сайыстарға толы болды. Наурыз айында Астраханда NSKF, KWF, WSKF, IKS, WKC, IJKA карате нұсқаларын біріктіретін VII Ашық Бүкілресейлік карате ойындары мен «Наследие» спорттық-патриоттық фестиваль өтті. Сайыстарға 900-дей спортшы, соның ішінде, облыстық карате-до шотокан федерациясының командасы қатысты. Сайыс кумите (спаррингтер), ката (жауынгерлік жаттығулар кешені), тамэсивари (тақта сындыру), фукуго (қоссайыс) бағдарламалары бойынша өтті. Біздің палуандар бұл турнирге жыл сайын қатысады және ешқашан марапатсыз қалған емес.
Бұл жолы да оқушыларым лайықты өнер көрсетті. 40 келіге дейінгі салмақта шобу-иппон (палуандардың бірі 2 ұпай алғанша өтетін жекпе-жек) бағдарламасында Бекзат Сайынов алтын алқа иеленді. 55 келіге дейінгі салмақта шобу-санбон (6 ұпайға дейін) бағдарламасында Абат Әмірханов күміс жүлдегер атанды, 45 келіге дейінгі салмақта шобу-иппон бойынша Амангелді Жәңгірхан қола алқа алды.
- Көкшетауда өткен спорттық WKC карате бойынша ҚР чемпионатының қорытындылары туралы әңгімелесеңіз.
- Чемпионат еліміздің бүкіл өңірінен 300-ден астам қатысушыны жинап, жеке және командалық ката, кумите бағдарламалары бойынша өтті. Бұл жерде Б.Сайынов тағы да алтын алқаны жеңіп алды, Құдайберген Жұмабаев 50 келіге дейінгі салмақта күміс алқа иеленді.
Отан қорғаушылары күні мен Жеңіс күніне орай федерация «Жастар салауатты өмір салтын қолдайды» атты облыстық турнир өткізді. Өз салмақ санаттары бойынша Бекзат Сайынов, Абат Әмірханов, Амангелді Жәңгірхан, Камил Жұмағалиев, Құдайберген Жұмабаев, Алмас Аяпбергенов, Арлан Балмағамбетов, Владимир Сәрсенов, Нұрахмет Бақытов, Айруз Балабеков, Дарын Жағыпар, Мейірбек Марданов, Аслан Көшер, Нұркен Жұбанышәлі, Аятолла Абылайұлы, Ислам Есенжан, Қыдырәлі Тілекқабыл, Ерлан Көшер, Гүлназ Өсербай, Земфира Қапанова, Мәдина Бақытова, Рузанна Қапанова, Алина Өсербай, Мерей Хайролла, Әзиза Исабекова, Зарина Асқарқызы, Ақбота Тілекқабыл, Нұрайым Абылайқызы жеңімпаз атанды. Сайыста Венера Тұрғанова, Аңсаған Жұмабаева, Ринат Игіліков пен Ақжан Қапанова төрелік етті.
Сонымен қатар, біздің ушу тобының шәкірттері жастар арасындағы оқу-жаттығу жиындары мен наурызда Таразда өткен ҚР чемпионатына қатысты. Сайыс бағдарламасына ушу-саньшоу (еркін жекпе-жек) кіреді. Б.Сайынов пен А.Жұмабаева қола алқа иеленді.
Қаржыландырудың болмауына байланысты федерация команданы карате бойынша сәуір айында Ташкентте өткен Орталық Азия чемпионатына, сәуірде Софияда өткен әлем чемпионатына, сонымен қатар, мамырда ушу бойынша Астанада өткен ҚР чемпионатына қатыстыра алмады. Алайда, қайталап айтамын, бізде алтын алқа үшін таласуға әзір палуандар бар. Маусымда «Жолбарыс» командасы Бурабайда өтетін жиынға қатысады. Спортшылар тамызда Токиода өтетін әлем чемпионаты мен қазанда Мәскеуде өтетін сенсей Хитоши Касуя Кубогына әзірленетін болады. ҚР құрамы әлі бекітілген жоқ, алайда атыраулық каратешілер бірінші үміткерлер қатарында.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ