14 мамырда футболдан ел чемпионатының 12-ші туры аясында «Атырау» «Ордабасы» (Шымкент) командасын қабылдады.
Соңғы матчтардағы жеңістер «Атырауды» жігерлендірді. Бұл қожайындардың алғашқы минуттарда-ақ ойынды өз бақылауына алғандығынан көрініп тұрды. Алайда олар басымдыққа ие болғанмен, голды қарсы команда салды: 14-минутта шымкенттіктер сол жақ қаптал арқылы қарсы шабуыл жасап, әуелеп келген допты Таңат НӨСЕРБАЕВ қақпаға баспен ұрды – 0:1. Бұдан кейін «Атырау» меймандарды олардың жарты алаңына тықсырып тастады. Екі-үш жақсы сәттер болды. Шымкенттіктер «екінші нөмірлі» команда рөліне оңай келісе қойды, алайда 41-минутта алаң иелері қарымта шабуылға тап болып, екінші голды жібере жаздады. Жартылай қорғаушы Самат СМАҚОВ айыппұл алаңының шетінен бар пәрменімен соққы жасады. Доп Андрей ПАСЕЧЕНКОНЫҢ қолғабынан ыршып түсіп, қақпаға қарай домалап кетті. Қақпашы оны «сызыққа» жеткізбей, тоқтатып үлгерді.
Үзілісте «Атырау» командасының бас бапкері Сергей ПАВЛОВ шәкірттерін шабуыл жасап қана қоймай, қорытынды шығаруға бағыттағанға ұқсайды. Қожайындардың алғашқы голдық шабуылы 52-минутта сәтті шықты: жергілікті мектептің жас шәкірті Қуаныш ҚАЛМҰРАТОВ айыппұл алаңынан допты әуелете соғып, оны Виталий ЛИ қақпаға бұрды. Қақпашы допты қайтарды. Бірақ сол жерде Эльдар ӘБДІРАХМАНОВ допты қайта соғып, қақпаға бағыттады. 7 минуттан кейін Новица МАКСИМОВИЧ айыппұл алаңын бұзып жарып, соққы жасады. Қорғаушылар допты қайтарды. Серпілген доп Лиге жетті, ол допты қақпашыдан асырып соқты, ал бұл комбинацияны Шафкат САЛОМОВ аяқтады. Есеп 2:1.
Шабыттанған «Атырау» жанкүйерлердің қолдауымен допты тағы да өз бақылауларына алды, бәсекелестердің ұнжырғалары түсті, алайда... Жеңіс үшін бес минут жетпей қалды. 85-минутта төреші қожайындардың қақпасына (едәуір даулы) пенальти тағайындап, Азат НҰРҒАЛИЕВ гол соқты. Қосымша минуттарда Саломов сәтін тауып, соққы жасады, алайда «Ордабасы» қақпашысы Рамиль НҰРМҰХАМЕТОВ допты қағып алды. Ойын қорытындысы тең, 2:2.
«Атырау» келесі матчты 17 мамырда «Ақтөбемен» өткізеді.
Марат ТАКУЛИН