БОКС
Щучинскіде өткен бокстан ҚР Жастар ойыны аяқталды.
Сайысқа еліміздің бүкіл өңірінен 163 спортшы қатысты. 49 келіге дейінгі салмақта біздің облысымыздың қоржынына жалғыз күміс алқаны Мерей Құрманғазы салды. Финалда Ақмола облысының спортшысы Тимур Қабдеш Мерейден үстем түскен еді.
***
КҮРЕС
Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында грек-рим күресінен 2001-03 жылғы ауыл жастары арасында ҚР чемпионаты өтті.
Сайыста Атырау намысын Жұмыскер (И.Тайманов атындағы мектептің күрес секциясы) мен Бірлік поселкесінің он жас палуаны қорғады.
63 келіге дейінгі салмақта Ақжол Товшебаев күміс нәтижеге қол жеткізді. Ол төрт жекпе-жек өткізіп, финалда кілем қожайынына есе жіберіп алды. Осы салмақтағы Жұмыскер мектебінің тағы бір оқушысы Ерсін Нұрмолдаев 5-орын алды. 100 келіге дейінгі салмақтағы Әмірхан Болашақов қола алқа иеленді. Спортшыларды бапкерлер Н. Боранбаев пен Е. Әділбаев жаттықтырды. Спортшылар мен бапкерлер облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы А.Бекетке сайыс сапарын ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіреді.
***
КАРАТЕ
Ақтауда кадеттер мен юниорлар арасында әлем және Азия чемпионаттарына іріктеу үшін WKF карате (Олимпиада нұсқасы) бойынша ҚР чемпионаты өтті.
Атыраудан сайысқа «Қайсар» спорт клубы мен БЖСМ-2 шәкірттері қатысты. 68 келіге дейінгі салмақта Жаңбыр Бейбарыс чемпион болды, абсолюттік салмақ дәрежесінде күмісті Айнұр Мақсотқызы, 61 келіге дейінгі салмақта қоланы - Батырғали Әбілмансұр алды. Сонымен қатар, спортшылар карате бойынша ҚР Жастар ойынына қатысты. Ол жерде А.Мақсотқызы ката мен кумите бағдарламаларынан екі қола алқа иеленді. Спортшыларды бапкерлер С.Торғаев, А.Рахман, Б.Ізбасханов және О.Айтжанова дайындады.
***
ММА
Қарағандыда IMMAF нұсқасы бойынша ММА (аралас жекпе-жек) бойынша ел чемпионаты өтті.
Сегізбұрыш алаңына, қарапайым тілмен айтсақ, «тор» ішіндегі жекпе-жекке еліміздің он облысынан және Алматы мен Астанадан барлығы 104 қатысушы қатысты. Жекпе-жек 2 минуттан 3 раунд формуласы бойынша өтті. Турнирге атыраулық 8 палуан қатысты. 61,2 келіге дейінгі салмақ сайысында Олжас Молдағалиев алтын алқаға ие болды. Ол 4 жекпе-жек өткізіп, финалда балл бойынша қожайындардың өкілінен үстем түсті.
65,8 келіге дейінгі салмақта қола алқа Джохар Шафхатовтың еншісіне бұйырды. Жартылай финалда ол «үшбұрыш» деп аталатын қылғындыру тәсілі арқылы ұтылып, қарағандылық спортшыға есе жіберіп алды.
61,2 келіге дейінгі салмақтағы тағы бір атыраулық палуан Самат Жағпаров қола алқа алар еді. Ол өз қарсыласынан басым көрінгенімен, төрешілер оған жеңісті бермеді.
***
«Атырау» ДСК-де WMMAA нұсқасы бойынша ММА (аралас жекпе-жек) чемпионаты өтті.
Жекпе-жек 5 минуттан екі раундта өтті. Атырау облысы құрамасында Абылай Төлеш (61,2 кг дейін) және Айбек Бөлекбаев (77 кг дейін) ел чемпиондары атанды, күмісті Талғат Жұмағалиев (57 кг дейін), Әділбек Қайырғали (70 кг дейін), Лев Винс (93 кг дейін) және Ақбөбек Ерғалиева (61,2 кг дейін), қоланы - Абылай Дәуітов (77 кг дейін) алды.
Құрметті қонақтар арасында жекпе-жектің әр түрі бойынша 26 әлем чемпионатын тәрбиелеген Абдулманап Нурмагомедов көзге түсті. Олардың 6-уы UFC-те ойдағыдай өнер көрсетіп жүр. Оның ұлы Хабиб Нурмагомедов UFC-те бірінші орындағы және жеңілу дегенді білмейтін спортшы. Беделді қонақ турнирдің ұйымдастырылуын жоғары бағалап, қазақстандық спортшылардың даярлығын жақсы деңгейде деп атап өтті.
Елдің жаңа чемпиондары мамырдың аяғында қырғыздың Ош қаласында өтетін Азия чемпионатына және қыркүйектің басында Астанада өтетін әлем чемпионатына қатысады.
***
МУАЙ-ТАЙ
Муай-тай бойынша халықаралық «Шымкент қаласы әкімінің кубогы» турнирінде атыраулық «Қайсар» спорт клубының командасы үздік сайыс көрсетті.
Турнирге Қазақстаннан, Түркиядан, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан 19 команда қатысты. Атырау құрамасының қоржынына Бекжан Өмірзақов, Жомарт Тынышқалиев, Әділжан Амангелдиев, Нұрдәулет Жұмабеков алтын алқа, Жасұлан Қалиев пен Әли Науанов күміс алқа, Шыңғыс Елеубаев, Әли Мұратов, Арсен Сәрсембаев, Артур Сабырұлы, Әмірғали Ізғали мен Әбдірайым Турдиев қола алқа салды.
***
МИНИ-ФУТБОЛ
«Динамо» дене шынықтыру қоғамының ұйымдастыруымен Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толуына орай құқыққорғау органдарының командалары арасында мини-футболдан облыстық чемпионат өтті.
Турнирге 11 команда қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды Атырау қалалық ІІБ командасы, 2-орынды облыстық ІІД командасы, 3-ші орынды ТЖД командасы алды. Қылмыстық-түзету жүйесі департаментінің командасынан Жәнібек Тоқабаев турнирдің үздік қақпашысы, «Күзет» арнайы күзет қызметінің командасынан Махамбет Оқасов үздік шабуылшы атанды.
***
БАСКЕТБОЛ
Атырау теміржол бөлімшесінің командасы баскетбол бойынша Қостанайда өткен «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ чемпионатынан қола алқа әкелді.
Турнирге 10 команда қатысты. Топта бірінші орын алған атыраулық теміржолшылар финал бөліміне шығып, ол жерде екі матчта – «ҚТЖ» құрамасы мен ақтөбелік әріптестеріне есе жіберіп алды. Атырау қаласы локомотив депосының қызметкері Асылан Ізбасов турнирдің үздік ойыншысы деп танылды.