Таеквандо
«Атырау» ДСК-де облыс тарихында тұңғыш рет юниорлар арасында таеквондодан Азия чемпионаты өтті.
ДСК-ге үш күн бойына лық толы жиналған турнирге 24 елдің құрамалары қатысты. Оның қорытындысы бойынша бірінші командалық орынды Иранның ұлттық құрамасы (9 алтын, 3 күміс және 1 қола алқа), екінші орынды Корея Республикасы (8 алтын, 4 күміс пен 3 қола алқа), үшінші орынды – Таиланд (әрқайсысынан 2 алқадан) алды. Қазақстанның құрамасы төртінші орынға ие болды – оның 1-і күміс және 9-ы қола алқа. 78 келіге дейінгі салмақта «күмісті» астаналық «Таеквондо барысы» орталығынан Нұртай Оразабаев жеңіп алды. 63 келіге дейінгі салмақта ҚР құрамасындағы Атырау өкілі Жадыра Хайруллина чемпионат жүлдегері атанды. Сонымен, өз салмақ дәрежелерінде Атырауда: Катесари Ниджад, Зухра Ализадех, Хамед Асжари, Хадиан Хаидреза, Зухра Рад, Мухамад Еждани, Мобина Шакери, Ялда Валиджад, Зухра Пуресмали (барлығы - Ираннан); Сён Гу Ли, Джун Сё Би, Мун Кан, Джун Джанг, Кан Юн Сё, Сенг Ким, Ву Парк, Енг Чой (барлығы - Кореядан); Уиласи Камджанган мен Плорарус Чайпозит (Таиландтан), Зухра Охилова (Өзбекстаннан) Азия чемпиондары атанды.
Таеквондо мерекесі үстіміздегі жылдың басында беделді Олимпиада ойындарына қатысу үшін G-1 санатына ие болған жыл сайынғы «Kazakhstan Open» халықаралық турнирімен жалғасты. Атырау құрамасының қоржынында осы турнирдің қорытындысы бойынша 6 алқа салынды: Жансель Дениз алтын, Аягөз Ниғметова күміс, Айдана Еділбаева, Айгүл Елубай, Майра Сүйенбекова мен жастар арасында – Мерген Ғайниев қола алқа алды.
Күрес
Атырау палуандары Ақтөбеде өткен белдесіп күресуден ел чемпионатында ерекшеленді.
Сайыстың «алтынын» Абылай Амандық (100 кг жоғары) пен қыздар арасында Қалжан Тайжанова жеңіп алды. Айбек Ахметов (90 кг дейін) күміс жүлдегер атанды, «қоланы» Нұрболат Ыстыбаев, Ринат Лұқпанов және Аслан Чапаев иленді.
Осылайша, Абылай, Айбек пен Қалжан шілдеде Астанада өтетін әлем чемпионаты мен қыркүйекте Ашхабадта өтетін белдесіп күресуден Азия ойындарына жолдама алды. Спортшыларды облыстың аға бапкері Асылбек Қалиев дайындады. Спортшылар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы А.Б.Бекетке және облыстық ІІД арнайы шұғыл әрекет ету жасағының командирі Ж.Б.Шәріповке көрсеткен қолдаулары үшін алғыс білдіреді.
***
Атырауда еркін күрестен ҚР Жастар ойыны өтті.
Сайыс Азия (маусым, Тайвань) мен әлем (тамыз, Филиппин) чемпионаттарына іріктеу үшін өткізілді. Ол жаққа атыраулық екі палуан жолдама ұтып алды. Сұлтан Жақсылық 74 келіге дейінгі салмақта алтын алқа иеленсе, Ерболат Рахманов 50 келіге дейінгі салмақта күміс алқа тақты. Екеуі де ҚР спорт шеберінің нормативін орындады. Жігіттер жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірттері, оларды А.Жаманбаев пен К.Жұманов жаттықтырады.
ФУТБОЛ
«Ривьера» стадионында өңірлік дене тәрбиесін дамыту орталығының ұйымдастыруымен 2002-03 жылғы жасөспірімдер арасында футболдан «Былғары доп» облыстық турнирі өтті.
Атырау қаласы мен жеті ауданның командалары екі топқа бөлініп, алдымен бастапқы шеңберде ойнады. Содан кейін жартылай финалда Махамбет ауданының командасы 2:1 есебімен Атыраудың атынан шыққан Назарабаев зияткерлік мектебінің командасынан үстем түсті. Осындай есеппен мақаттықтар индерліктерден озып кетті. Қола алқа үшін өткен матчта Атырау қаласының командасы Индер ауданындағы құрдастарына 0:3 есебімен жол берді. Махамбет пен Мақат аудандары арасындағы финал тартысты өтті. Негізгі уақытта есеп тең түсіп, 2:2 болды. Ал пенальти кезінде махамбеттіктер дәлдікпен доп соқты.
САМБО
Шымкентте өткен Жастар ойынында атыраулық самбошылар сәтті өнер көрсетті.
Асқар Есбосынов (48 кг дейін), Айдынбай Қайырберді (57 кг дейін) және Дәурен Болатбекұлы (82 кг дейін) жеңімпаздар атанды. Үшеуі де ҚР спорт шеберінің нормативін орындап, жазда Белград пен Ташкентте өтетін әлем және Азия чемпионаттарына жолдама ұтып алды.
56 келіге дейінгі салмақта Гүлзада Алмаз күміс жүлдегер, Айымгүл Махуова (48 кг дейін), Жұмабай Парасат (62 кг дейін) және Саида Қапсалықова (80 кг жоғары) қола иеленді. Спортшыларды бапкер Қайрат Досқалиев дайындады. Спортшылар мен бапкерлер облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы А.Бекетке сайысқа баруды ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіреді.
***
Дойбы
Дойбыдан Азия чемпионаты өтіп жатқан Ташкент қаласында 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы сайыс аяқталды.
Бұл жас санаты бойынша Оралдан Арсен Есенғалиев, Ақтөбеден Асылхан Айтмұхамбетов, Шымкенттен Денис Тен және Атырау қаласындағы Ақсай мектебінің оқушысы Бекарыс Жұмалиев еліміздің намысын қорғады. Осы төрттіктен тек Бекарыс ғана алқа иеленді. «Рапид» номинациясында (партияда әр ойыншыға 10 минуттан уақыт беріледі) Түркіменстаннан Санжар Эминов чемпион, Өзбекстаннан Назарбек Абдурасулов күміс жүлдегер атанды. Қола алқа біздің Бекарыстың еншісіне тиді.
Үшінші жүлделі орынға бірден үш спортшы – ықтимал 14-тен 9 ұпай жинаған Б.Жұмалиев, өзбек Куснидин Жуанбоев және қазақстандық А.Есенғалиев үміткер болды. Бекарыс техникалық жағынан жинаған ұпай есебімен ұтып кетті. Оның ұпайы – 54, К.Жуанбоевта – 52, А.Есенғалиевта – 51 болды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ