16 қаңтарда Атырау әуежайына Ақтаудан Азиада-2011 алауы әкелінді.
Оны АН-30 ұшағымен VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің мүшелері арнайы колбамен әкелді. Сол колба арқылы Алау еліміздің бүкіл аймағын аралап шығады. VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру штабы төрағасының орынбасары Сәрсен ҚҰРАНБЕК баспасөз конференциясында хабарлағандай, әуежайға Әл-Кувейтте тұтатылған алау басқа ТУ-154 ұшағымен жеткізілген. Екі ұшақ та ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің еншілес кәсіпорны «Қазавиаспасқа» тиесілі.
С. Құранбек колбаны тасымалдау үшін тұтанбайтын материалдардан арнайы қуыс жасалған жеке кресло қарастырылғандығын айтты. Алаудың өшіп қалуы мүмкін емес, дегенмен қосымша колба бар екен. Оны Халық банкінің орталық кеңсесіне алауды салтанатты түрде жеткізгеннен кейін, алып жүрушілердің қолынан байқап қалғандар бар. Ол сол жерде, Азиада демеушілерінің біріне тиесілі ғимаратта түнеп шыққан.
Журналистер сұрағына жауап берген С. Құранбектің айтуынша бүгінде оқушылардың 70 пайызы дене шынықтыру сабақтарына бармайтын көрінеді. Сондықтан Азиаданы өткізу елімізде балалардың спортқа деген құштарлығын оятуы тиіс. Қаңтардың 17-сі күні талтүсте 60 алау ұстаушылардың қатысуымен М.Өтемісов атындағы театрдан эстафета бастау алды. С. Құранбек алауды облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВҚА берді, ол – танымал атыраулық боксшы, Еуропа чемпионы Болат ТЕМІРОВКЕ жалғастырды. Алау ұстаушылардың арасында волейбол бойынша спорт шебері, мүгедектер клубының директоры Болат ТАХАУОВ, ескекпен есу және каноэ бойынша спорт шебері Ильфат ГАТИЯТУЛЛИН, марафоншы әрі ауыр салмақ көтеруші Владимир МИЧРИ, Гуанчжоудағы Азия ойындарының қола жүлдегері, таеквондошы Гүлнафис АЙТМҰХАМБЕТОВА, атыраулық ауыр салмақ көтеруші Қуангүл ДОСАХАЕВА, балетмейстер Гүлсина БАЙКЕНОВА және басқа да танымал атыраулық спортшылар болды. Азиада алауын ұстауды облыс аумағындағы бірқатар шенеуніктер де ұмыт қалдырмады.
Драма театрынан бастап алау ұстаушылар салтанатты шерумен бірге Абай мен Махамбет көшелерімен, Азаттық даңғылымен жүгіріп өтті. Осы көшелерде эстафетаны студенттер мен оқушылар мерекелік жалаушалармен қарсы алды. Оларды көшеде аяз болғанына қарамай, эстафета басталудан бір сағат бұрын жинаған екен. Әрі қарай шеру орталық көпір арқылы Исатай-Махамбет алаңын басып өткен. Бұл алаңда 200 оқушы «Қара жорға» биін орындаған болатын.
Эстафета Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайында аяқталды. 2008 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Арман ШЫЛМАНОВ Азиада алауын ойын ұйымдастырушыларына қайтарып берді. Ендігі аялдама-Орал қаласы.
P.S. Баспасөз конференциясында С.Құранбекке эстафета болған қалалардың қайсысында көрермендер басым болды деген сұрақ қойылды. Ол әрбір қалада билік басындағылар көпшілік шараларға халықтың атсалысуы бойынша рекордтар болғандығы туралы мәлімдеді. Мәселен, Таразда, көшеге 80 мың адамның, Ақтауда-40-45 мың адам шыққандығын айтуға болады. Кеше облыстық спорт басқармасында Азиада алауын көру үшін 60 мыңнан аса облыс орталығының халқы мен қала қонақтары шыққандығын хабарлады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген В. Истомин
«АЖ» анықтамасы. Азиадада 32 елден келген спортшы қатысады деп күтілуде. Жарыс бағдарламасында спорттың 11 түрінен- биатлон, шаңғы жарысы, тау шаңғысы, шаңғы тебу, конькимен сырғанау, хоккей, мәнерлеп сырғанау шайбалы хоккей - ерлер мен әйелдер арасында, допты хоккей, банди, сноубрд, фристайл, шаңғымен секіру, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру сияқты спорт түрлері бар. Қазақстаннан 169 спортшы қатысады. Азиада-2011 нысандарының құрылысы мен қайта жарақтандыруға 70 млрд. теңге шамасында қаржы бөлінді.